Әдебиет антологиясы халықаралық байқауға қатысады – Көшербаев
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Кембридж университеті баспасының ұсынысы бойынша бұл антологиялар Лондонда өтетін халықаралық кітап көрмесі аясындағы аударма ісінің байқауына қатысады. "Халықаралық жүлдеге ілінеді" деген үлкен үміт бар, оның нәтижесі осы наурыз айында белгілі болып қалады.
Бұл туралы ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев аталған антологияның таныстырылымы кезінде айтты.
Ол жиын барысында қазақ әдебиетін әлемнің алты тіліне аудару Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асып жатқан "Рухани жаңғыру" атты бағдарламасының бір тармағы екенін жеткізді.
Қоғамдық сананың өзгеруі, рухани әлемнің жаңғыруы ғылыми еңбектен, әдебиет пен өнерден басталады. Бұл бағдарлама бірін-бірі толықтыратын алты жолдан тұрады. Зиялы қауым Елбасының осындай еңбегін көптен күтті деп ойлаймын. Сондықтан мәдениет қайраткерлері, қаламгерлер мен ғалымдар бастап, осы жобаны іске асыруға кірісіп кеттік. Үш жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік, - деді ол.
Сонымен қатар, ол ұлттық мәдениеттің бар жетістігін әлемдік өркениеттің қатарына қосуды көздеген бұл жобаның берері мол екенін айтып өтті.
Ұзақ жылдарға бағытталған, алысты көздеген мұраты биік бұл жобаның мақсаты – қазақ әдебиетін, музыкасын, бейнелеу өнерін, кино және театр саласындағы озық туындыларды әлемге таныту. Әлемдегі барлық елдің ерекшеліктері, мәдениеті мен құндылықтары әдебиетінде көрініс табады. "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында әдеби шығармаларды БҰҰ-ның 6 тіліне аударуды жөн санадық. Қазақ поэзиясы мен прозасынан құралған 2 томдық антология араб, испан, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдеріне аударылды. Әр жинаққа 30 автордың шығармалары кірді. Осылайша, "Рухани жаңғыру" бағдарламасының арқасында тұңғыш рет қазақстандық 60 автордың туындысы әлемнің ең ірі алты тіліне аударылды,-деді мемлекеттік хатшы.
Сөз арасында ол бұл жобаны ұйымдастыру мен үйлестіру жүйесі де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бұрынғыдан өзгеше болғанын жеткізді.
Ондағы басты мақсатымыз көркем аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету еді. Аударманы жасаған елдің өкілдері Қазақстанға арнайы келіп, еліміздің табиғаты, салт-дәстүрі, тарихымен танысты. Ең бастысы аудармашылар шығарма авторларымен кездесіп, аударманың қыр-сыры төңірегінде терең сұхбат жасап, талқылады. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткен осындай кездесулер аударманың түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, оның көркемдік сапасын көтеруге септігін тигізді, - деді Қырымбек Көшербаев.
Көркем аударма, әдеби редакция, басып шығару, тарату және насихаттау жұмыстарына кәсіби білігі жоғары 300-ден астам мамандар қатысқан. Ал шығармаларды аударуға осы салада тәжірибесі мол баспалар таңдап алыныпты.
Атап айтсақ, ағылшын тіліндегі аударманы Кембридж университетінің баспасы, арабтілді басылымды шығаруға Мысырдың Ұлттық білім және мәдениет орталығы, испан тіліндегі жинақты Сервантес институты, орыс тіліндегі антологияны шығаруға М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, қытай тіліндегі жинақты Бейжіңдегі ұлттар баспасы, француз тіліндегі басылымды Париждің мәдени бірлестігі дайындаған.