Аддис-Абеба университетінің студенттері Қазақстандағы заманауи реформаларды зерттеуге мүдделі
Аддис-Абеба университетінде Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықовтың «Жаңа Қазақстан. Саяси және экономикалық модернизацияға жол» тақырыбы бойынша дәрісі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Эфиопиядағы ең көне және жетекші ғылыми-білім беру мекемесінің профессорлық-оқытушылық құрамы, саясаттану, әлеуметтану, география, тарих, экономика мамандығы бойынша магистратура және докторантура бағдарламаларының студенттері, сондай-ақ Африка және Азия зерттеулер орталығының өкілдері мен түлектері қатысты.
Елші Барлыбай Садықов өз дәрісінде Қазақстандағы ағымдағы саяси және экономикалық реформалар, биылғы 20 қарашадағы президенттік сайлау және 2023 жылғы парламенттік сайлау туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен «Жаңа Қазақстан» және «әділ мемлекет» құру тұжырымдамасын түсіндірді.
Ұсынылған тақырып бойынша пікірталас аясында университет студенттері елімізде болып жатқан елеулі конституциялық өзгерістерге, Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының мақсаттары мен міндеттеріне қызығушылық танытты.
Дәріс қатысушылары еліміздің ішіндегі тұрақтылықтың сақталуына және қазіргі жағдайда ерекше өзектілігін көрсететін қазақстандық көпвекторлы және прагматикалық сыртқы саясаттың рөліне назар аударды.
Университет студенттері Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды, сондай-ақ Қазақстанның Африкадағы басымдықтарын назардан тыс қалдырған жоқ.
Африка елдерінің саяси салмағы мен экономикалық әлеуеті жыл сайын артып келеді және Қазақстан Африка елдерімен ынтымақтастықты жандандыруға ниетті. Бұған дейін, табысты өзара іс-қимыл нәтижесінде 2017-2018 жылдарға арналған БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне сайлауда Африканың 40-тан астам елінің Қазақстан кандидатурасын қолдауы болды.
Дәріс барысында Аддис-Абеба университетінің тарих ғылымдарының докторы, африканист Абдусамад Қажы Ахмад орта таптың өсуінің маңыздылығына тоқталып, қазақстандық реформалардың әлеуметтік аспектісін атап өтті.
Қазақстанда алдағы президенттік сайлау сәтті өтетініне және сіздердің Президентіңіз елді одан әрі өркендетуге әкелетініне сенімдімін. Ел азаматтарына қоғамдық игіліктің әділ бөлінуін және орта таптың өсуін қамтамасыз ету бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізуді тілеймін, - деді А.Ахмад.
Аддис-Абеба университетінің саясаттану кафедрасының PhD докторы Хабту Дессален дәріс қорытындысы бойынша өз әсерімен бөлісті.
Бүгін біз өзіміз үшін қазіргі Қазақстан туралы, оның ел Үкіметі жүзеге асырып жатқан ағымдағы саяси және экономикалық трансформациясы туралы көп нәрсені біліп алдық. Маған ұлттық экономиканы дамытуға және әлемнің барлық елдерімен ынтымақтастықтан бейбіт түрде өзара пайда алуға мүмкіндік беретін қазақстандық көпвекторлы сыртқы саясаттың прагматикалық моделі ерекше қызықты болды. Бұл бүгінде Эфиопия үшін өзекті, және бізге Қазақстанның тәжірибесі пайдалы болар еді, - деді Х.Дессален.
Сонымен қатар, Аддис-Абеба университетінде «Жаңа Қазақстан» фотокөрмесі ашылды. Студенттер «әділ Қазақстан» құрылысының кезеңдерін, сондай-ақ елдің белсенді және бейбіт сыртқы саясатын бейнелейтін жарқын оқиғалармен танысты.
Жалпы алғанда, іс-шараға қатысушылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан демократиялық реформаларды жоғары бағалады және саяси мен экономикалық жүйелерді инклюзивті жаңғыртудың қазақстандық тәжірибесін одан әрі зерттеуге үлкен қызығушылық танытты.