Адамның күш-қуаты неше жаста төмендей бастайтыны анықталды
Ғалымдар физикалық күш-қуат неше жаста төмендей бастайтынын анықтады. Зерттеу нәтижесінде физикалық қабілеттер 35 жастан кейін төмендейтіні белгілі болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі techinsider-ге сілтеме жасап.
Швецияда ғалымдар адамның физикалық формасы, күш және бұлшықет төзімділігі уақыт өте келе қалай өзгеретінін зерттеген. Зерттеу нәтижесінде физикалық қабілеттер 35 жастан кейін төмендей бастайтыны анықталған.
Бірақ ғалымдардың айтуынша, спортпен айналысып, жағдайды жақсарту ешқашан кеш емес.
Жаңа зерттеу көрсеткендей, физикалық жаттығулар әрқашан пайдалы.
Бұрын ғалымдар көбінесе бір сәттік зерттеулерге сүйенсе, ал швед мамандары бірдей адамдардың физикалық дайындық және күш-қуат көрсеткіштерін 47 жыл бойы бақылаған.
Зерттеуге 427 адам қатысқан, оның 48%-ы әйелдер. Бақылау басталғанда зерттеуге қатысушы адамдар 16 жаста болған. Ғалымдар қатысушыларды 63 жасқа дейін зертханаға шақырып, әртүрлі жаттығулар орындатқан.
Нәтижесінде аэробтық қабілет пен бұлшықет төзімділігі орта есеппен 35–36 жасында ең жоғары деңгейге жеткен. Содан кейінгі жаста жаттығу көлеміне қарамастан, физикалық қабілеттер біртіндеп төмендеген.
Бастапқыда күш-қуаттың төмендеуі жылына 0,3–0,6% қарқында байқалған. Кейін жылына 2–2,5%-ке дейін жеделдеген.
Бірақ, ерлер мен әйелдердің физикалық күш-қуатының төмендеу қарқыны арасында айырмашылық байқалмаған.
Айта кету керек, есейген жаста спортпен айналысқан қатысушылар физикалық көрсеткіштерін 5–10% жақсартқан.
Қозғала бастау ешқашан кеш болмайды. Физикалық белсенділік еңбек қабілетінің төмендеуін баяулатуы мүмкін, бірақ оны толық тоқтата алмайды, - дейді зерттеуші Мария Вестерсталь.