Адамдар радикализмге қандай себеппен бұрылғанын анықтау қажет – Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Радикализмге адамдар қандай себеп бойынша бұрылып кететінін анықтау қажет. Оған жекелеген адамдарды гуманистік, интеллектуалдық, мәдени жағдайлар да итермелеуі мүмкін. Бұл туралы елордада өткен IV Халықаралық ғылыми-діни конференцияда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.

«Тұңғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы: діни алауыздық, ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады» деп еді. Біз – діні мен тілегі бір, тілі мен дәстүрі жақын бауырлас елдерміз. Қазақстан мен Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан және Түркіменстан мұсылмандар қауымы көп шоғырланған зайырлы мемлекеттер. Бүгінгі халықаралық конференцияға, Ресей Федерациясының делегациясы, Қытай, Финляндия мен Моңғолия мемлекеттерінің өкілдері де арнайы қатысып отыр», - дейді Дәурен Әскербекұлы.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі яғни дінді алға тартып, терроризм мен экстремизмді насихаттаушылардың мәселесі туралы айтып өтті.

«Адамдар радикализмге қандай себеп бойынша бұрылып кететінін анықтау қажет. Оған жекелеген адамдарды гуманистік, интеллектуалдық, мәдени жағдайлар да итермелеуі мүмкін. Сондықтан да заманауи зайырлы мемлекеттің дін өкілдері аймақтардағы дәстүрге мән беріп, мәдени бағыттағы, ғылым мен білім саласындағы артықшылықтарды ескеруі тиіс деп ойлаймын», - деді ол.

Сондай-ақ, Дәурен Абаев фанатизмге, діни консерватизмге, дәлелсіз қағидаларға беріліп кетпей, тура жолдан таймай, дінді дұрыс қырынан насихаттай білуіміз керек екендігін айтты.

«Елордамызда, Елбасының бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары сьезінің өткізіліп тұруы да осының айғағы болса керек. Қазақстан – Ұлы даланың рухани мұраларын, дәстүрімізбен сабақтасып кеткен Ислам қағидаларын құрметтейді. Алайда зайырлы, көп ұлтты мемлекеттерге тән өзге наным-сенім өкілдерінің де таңдауына шектеу қоймайды. Көп конфессиялы, әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған қоғамда бірлік пен бейбітшілікті сақтау бірінші кезектегі мәселе. Сондықтан да бұл қағидадан біз таймаймыз», - деді Дәурен Абаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы