Адамдар өз беттерімен ем қабылдағандықтан реанимацияға түсіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифинг барысында елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов хабарлады.
Оның айтуынша, жансақтау бөлімінде 230 науқас жатыр. Оның ішінде коронавирус инфекциясына шалдыққандар 203 адамды құрайды. 70 науқас өте ауыр халде болса, 47 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылыпты.
Азаматтар өз беттерімен үй жағдайында емделулеріне байланысты жұқпалы аурулар ауруханаларына ковидтің ауыр түрімен түсіп жатқанын атап өткім келеді. Медициналық көмекке бірден жүгінбеу, дәрігердің қарауынсыз тікелей антикоагулянттармен емделу науқастарды реанимация бөлімшесіне ауыстыруға тура келеді, - деді Тимур Мұратов.
Әсіресе, үлкен жүктеме жедел жәрдем бригадалардың жұмысында байқалып тұрған көрінеді. Тек өткен тәулікте жедел жәрдем станциясына 4 мыңнан астам қоңырау түссе, шақыртулар саны – 2 300-ді құраған. Ал коронавирус инфекциясы бойынша қоңыраулар саны тәулігіне 300-ден астам жетіп отыр.
Сонымен қатар азаматтарда коронавирусты анықтау үшін зертханалық зерттеулер көбейген. Барлығы 1,8 миллионға жуық ПТР әдісімен зертханалық зерттеулер жүргізілді, тәулігіне 1 369 жаңа жағдайлар тіркелген.
Мобильді бригадалар күніне 2 мыңнан астам шақыртуларға барады. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы АМСК ұйымдарында 10 600-ден астам науқас коронавирустық инфекциясымен ем алып жатқанын айтты.