Адамдардың мезгілсіз өліміне өзімді де кінәлі санайтындаймын – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы төрт- бес күннің ішінде өзім танитын қаншама таныс кісілер дүние салды.Алла имандарын жолдас етсін. Солардың мезгілсіз қазаларына өзімді де кінәлі санайтындаймын. Жүрегің ауырады, деп жазды Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы өзінің facebook-тегі парақшасында.

Мүмкіндігім келгенше дәріге каржы таппай қиналған таныс ағайындарға көмектесуге тырыстық. Бірақ бұл тығырықтан шығудың жолы емес екенін білемін. СК «Формация» не істеп жатыр? Соңғы айларда коронавирусқа қарсы республикалық бюджеттен бөлінген 24 млрд теңге неге жұмсалды? Елде дәрі тапшылығы неге орын алды? Бар дәрілердің бағасы неге қымбат? Өз көзіммен көргенім, қарапайым азаматтарымыздың көпшілігі керекті дәрі-дәрмек алуға мүмкіндігі жоқ екендігі, - деді ол. 

Депутат  Үкімет фармацевтика саласына қатаң тәртіп орнатуды тез қолға алуы керек екенін айтты. 

Мұны Президентіміз де айтты. Әрбір өңірде арнайы күндіз-түні жұмыс істейтін штаб құрылып, оның жұмысына облыс әкімдері тікелей басшылық жасауы қажет. Әкімдердің құрғақ цифрларға құрылған үндеулері мен пресс-конференцияларынан пайда жоқ. Нақты іске көшу керек. Көптеген жобаны, әсіресе, жолдарға бөлінген 700 млд тенгеге жуық ақшаны халықтың денсаулығына қарай бұрған дұрыс. Жолдардан гөрі ұлт денсаулығы маңызды. Тұрмысы төмен отбасылар үшін індетті жеңгенше дәрілер тегін берілуі тиіс. Ұлт денсаулығы атқарушы орындардың сауатты, дер кезінде қолға алған іс- шараларына тікелей байланысты болатыны сөзсіз. Біз - бір елміз, бір ұлтпыз. Сондықтан да осы бір қиыншылықтан ұлтымыздың аман өтетініне бірлесіп атсалысайық, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы