Екпе алмаса, қауіп көп екенін көп адам түсінді – дәрігер
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Әлемді жайлаған пандемия кезінде локдаундар мен шектеулер енгізетін санитарлық дәрігерлер көпшілік тарапынан жиі сынға ұшырап жататыны жасырын емес. Өңірде індетке қарсы күрес жұмыстарының мүлтіксіз іске асуына атсалысып жүрген Ақмола облысының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов өз қызметінің ерекшеліктері туралы айтып берді.
– Осы қызметке қалай келдіңіз, дәрігер мамандығы өз таңдауыңыз ба?
– Бала кезімде санитарлық дәрігер болуды армандадым. Сол кезде онкодиспансерде жұмыс істеген тәтем жол сілтеді десем де болады. Мектеп бітірісімен дәрігергерлік мамандыққа түсуге мақсатты түрде дайындалдым. Елордадағы медицина университетінде алты жыл білім алдым. Оқу бітіргеннен кейін, 2010 жылы елордадағы көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жұмысқа орналастым, онда он ай ғана жұмыс істедім, кейін туған жерім Шағалалыға жұмысқа орналастым. 2011 жылдан бастап Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде жұмыс істеймін.
– Сіздің ойыңызша, санитарлық дәрігердің жұмысындағы ең басты ерекшелік неде?
– Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ. Барлығы маңызды. Жұмыс өте жан-жақты. Сіз науқастармен жұмыс істейсіз, яғни дәрігердің де, психологтың да функцияларын орындайсыз. Олармен жақын тілдесіп, қажет кезде тыңдап, жұбату керек. Пандемияның осы кезеңінде көптеген адам жақындарынан айырылды, олардың бірқатарымен жеке сөйлесуге тура келді. Бұған қосымша – қажетті шара қабылдап, айыппұл салып, нысанды жабуға тиіссің. Бұл тергеушінің жұмысы. Айталық, тамақтан улану бар делік. Егер олар тамақтану нысанымен байланысты болса, онда көптеген адам оны жасыруға тырысады. Біздің жұмысымыз – барлық ақпаратты білу.
–Жұмыстарыңызда қауіп те көп сияқты...
– Иә, әрине, тек коронавирус қана емес, басқа да жұқпалы ауру жұқтырғандармен қарым-қатынаста болуға тура келеді. Мен эпидемиология саласына жетекшілік етемін. Мысалы, сібір жарасын алыңыз. Әлдеқайда көп жыл жұмыс істеген кейбір әріптестер өздері сібір жарасын көрмегенін айтты, ал мен бір жағынан қауіпті індетпен бетпе-бет келгеніміз өмірлік тәжірибе болды деп есептеймін. Бұл жолды жүріп өттік. Коронавирус та тарихта қалады, күні ертең біз мұндай кезеңді бастан өткергенімізді еске алатын боламыз.
– Сіз санэпидқадағалау жүйесінде он жылдан астам еңбек етіп келесіз. Осы уақыт ішінде жұмыстарыңызда қандай өзгерістер болды?
–Біздің қызметіміз көптеген қайта құрулардан өтті, біз кейбір кезеңдерде тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен және сапаны бақылаумен айналыстық, бірақ әрқашан біздің қолымызда болған негізгі функционал – бұл халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету. Менің ойымша, бүгінде жүйе дұрыс жолға түсті.
– Пандемия кезінде жұмыс көбейді ме?
– Иә, әрине, жұмыс еселеп өсті. Коронавирус басталған кезде дайындық жұмыстары жүргізілді. Өткен жылдың қаңтар айынан бастап күшейтілген режимде жұмыс істедік. Әлем пандемиямен күресуде, сондықтан індет аймақты айналып өтпейтінін жақсы түсіндік, өйткені адамдар жүріп-тұрады, қоныс аударады, демалысқа шығады. Басында өте қиын болды. Біз әріптестерімізбен тәулік бойы жұмыста болдық. Мамандар таңғы 5-те үйге жіберіліп, 7-де жұмысқа оралатын. Қазір денсаулық сақтау жүйесі күрделі жағдайға дайын, төсек-орындардың саны, тыныс алу аппараттары, дәрі-дәрмектер және т.б. жеткілікті. Қазір жағдай тұрақтануда, инфекция төмендеуде, бірақ барлығы біздің түсінігімізге байланысты. Мұндай жағдайды әлем күткен жоқ. Алдын ала бәрі дайын деп хабарланғанымен, іс жүзінде бүкіл әлем қауіпті індетпен күреске дайын болмады.
– Бүгінгі таңда санитарлық дәрігерлер халықтан көптеген сын-пікір естуде. Бұған не дейсіз?
– Иә, сын көп. Бас санитарлық дәрігерге де оңай емес. Жан-жақтан келетін теріс ақпараттардың әсерін елестетіп көріңіз. Бірақ тұрғындар мұның бәрі олардың игілігі үшін жасалып жатқанын түсінуі керек. Мен антиваксер идеологиясын түсінбеймін. Өз басым олардың барлығының осыған дейінгі инфекцияларға қарсы вакциналарды алғанына толық сенімдімін.
– Өңірде басқа да жұқпалы аурулармен күрес қалай жүруде?
– Жалпы облыс бойынша жағдай тұрақты. Коронавирус аясында қалған инфекциялар да тіркелуде, бірақ бұрынғыдай көлемде емес. Өткен жылы бізде жоспарлы вакцинация егу күнтізбесіне сәйкес жүргізілді. Өйткені, пандемия басталған кезде барлық емдеу мекемелері адамдардың көп жиналуын болдырмау үшін жоспарлы профилактикалық жұмыстарын тоқтатты, бәрі жабылды. Бірақ биыл мұның бәрі шешілді. Бүгінгі таңда облыста вакцинация саласына қатысты мәселе жоқ.
– Бүгінде антиваксерлер қозғалысына қарамастан, КВИ вакцинациясына ақмолалықтар үлкен сеніммен қарай бастаған сияқты...
– Иә, бұрын КВИ вакцинациясына қарсы болғандар індетпен бетпе-бет келген кезде өз пікірлерін өзгертті. Адамдар екпе алмаса қауіп көп екенін түсінді. Бүгінде жұқпалы аурулар орталығында жатқандар және бұрын екпе алғысы келмейтіндер қазір вакцинацияға басқаша қарайды. Алдымен адамдарда теріс түсінік қалыптасады, ал сіз осы олармен сөйлескен кезде оларға бәрін түсіндіресіз, олар өз пікірлерін өзгертеді, тіпті басқаларды вакцинациялауға шақырады.
– Пандемия аймақтың медицинасын күшейтуге көмектесті деп айтуға бола ма?
– Әрине, біз денсаулық сақтау жүйесін күшейттік. Мен эпидемиолог ретінде әрдайым төсек-орын жетіспеушілігінен зардап шеккенімізді, олардың санын қалай көбейту керектігін білмегендіктен, адамдарды Зеренді, көрші аудандарға апаратынбыз. Ал қазір бізде 200 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы бар. Пандемия басталған кезде мен штаттан тыс реаниматологпен сөйлестім, ол реанимацияда желдеткіштердің жетіспеушілігін қинала баяндаған. Ал қазір жағдай өзгерді.
– Сіз пандемияның аяқталатынына және бәріміз қалыпты өмірге қайта орала алатынымызға сенесіз бе?
– Біз әрқашан жақсылыққа үміт артуымыз керек. Бәріміз қалыпты өмірге қайта оралуды асыға күтеміз. КВИ вакцинациясы өз жемісін береді деп ойлаймын. Мысалы, қатаң тәртіптің арқасында Қытайда індет азайды. 2022 жылы біз қалыпты жағдайға ораламыз деп үміттенемін.
– Тұрғындарға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Адамдарға жүргізіліп жатқан барлық іс-шаралар және енгізіліп жатқан шектеулер халықтың игілігі үшін жасалып жатқанын жеткізгім келеді. Бұл облыстың санитарлық дәрігері сауда үйлері мен ойын-сауық орындарын жабуды қалағандықтан емес. Мұны түсіну керек. Барлығы біздің, жақындарымыз бен туыстарымыздың игілігі үшін жасалып жатыр. Сондай-ақ, менің ойымша, біздің азаматтарға екпеден қандай да бір олқылықтарды іздеудің қажеті жоқ, вакцинацияны әдеттегідей қабылдау керек. Өйткені, біз тек ортақ күш-жігерімізбен ғана инфекцияны жеңе аламыз.