Адам саудасы: Полиция үш күн ішінде 47 қылмысты анықтады
Ел аумағында ішкі істер органдарының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері өткен аптада «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
Операцияның 3 күнінде полицейлер адам саудасына байланысты 47 қылмысты анықтады. Оның ішінде жұмысқа жегу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырудың 3 фактісі, 10 адам саудасы, оның ішінде 5-уі кәмелетке толмағандар, 7 жезөкшелікпен айналысуға тарту фактісі, оның 3-і кәмелетке толмағандарға қатысты және 27 притон ұстау мен жеңгетайлық фактілері, – деді ведомство өкілі.
Спикердің айтуынша, елімізде жеңгетайлық үшін 30 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.
Жезөкшелікпен айналысуға үй-жайлар бергені және жеңгетайлық үшін 30 әкімшілік құқық бұзушылық және қоғамдық орындарда тиісу фактісі бойынша 453 құқық бұзушылық тіркелді, – деді Шұғыла Тұрлыбек.
Адам саудасының алдын алу аясында Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында көшелерде ақпараттық билбордтар орнатылды, сондай-ақ вокзал маңындағы алаңда, базарларда және басқа да қоғамдық орындарда буклеттер, брошюралар және басқа да үлестірме материалдар таратылды.