Адам құқықтарынан биліктің жаңа жүйесіне дейін: Қазақстан жеті жылда қалай өзгерді?
Жаңа Конституция, бір палаталы Құрылтай, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және мемлекеттік басқарудың жаңа қағидаттары. Соңғы жеті жылдағы саяси өзгерістер нәтижесінде Қазақстан мемлекеттік құрылымды ауқымды жаңғырту кезеңіне қадам басты. Бұл бағыттағы басты оқиғалардың бірі – жалпыхалықтық референдумда дауыс беруге қатысқан азаматтардың 87,15 пайызы қолдаған жаңа Конституцияның қабылдануы.
2026 жылғы 28 тамызда Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жаңа өркендеу дәуірінің табалдырығында тұрғанын атап өтті. Бұл кезеңнің негізін елдің алдағы даму бағытын айқындаған конституциялық реформа қалады.
Жаңа Конституция Қазақстан халқының қолдауына ие болды
1 шілдеден бастап Ата Заң күшіне енді.
Құжатты әзірлеу алдында кең ауқымды қоғамдық талқылау жүргізілді. Құрамына 130 адам кірген Конституциялық комиссия мемлекеттік органдардың, сарапшылардың және азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстарын қарастырды.
Жалпы, қазақстандықтар цифрлық платформалар арқылы да 12 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту жолдады.
Жаңа Конституция 11 бөлім мен 96 баптан тұрады. Онда мемлекеттік құрылымның жаңартылған қағидаттары, адам құқықтарын қорғау және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі бекітілді.
«Біз – біртұтас Қазақстан халқымыз»
Конституцияның преамбуласы толық жаңартылды. «Біртұтас Қазақстан халқы» деген тұжырым азаматтардың ортақ бірлігін және қазақтың байырғы жеріндегі мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын айқындайды.
Преамбулада Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң және тәртіп» қағидаты, бірлік пен ынтымақ, білім мен ғылым құндылықтары, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік және табиғатқа ұқыпты қарау ұстанымдары бекітілді.
Бұл қағидаттар Ата Заңның баптарында да көрініс тапты.
1-бапта адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде айқындалған.
2-бапта Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлық құрылымы, аумақтық тұтастығы және президенттік басқару нысанының өзгермейтіні бекітілген.
3-бапта мемлекеттің қызмет ету қағидаттары белгіленген. Олардың қатарында тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру бар.
Мемлекеттік дамудың негізгі бағдарлары ретінде қоғамдық диалог, жауапты отаншылдық, еңбекқорлық, экологиялық мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау айқындалған.
Адами капиталды, білім мен ғылымды дамыту мемлекеттің стратегиялық қызмет бағыттарының бірі ретінде белгіленді.
4-бапта егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі Қазақстан халқы екені нақтыланған.
Екі палатаның орнына – бір Құрылтай
Ең елеулі өзгерістердің бірі – Парламент жүйесінің жаңаруы.
Қазақстанда 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай құрылды. Жаңа модель Парламенттік бақылауды күшейтіп, Үкіметтің есептілігін арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік құрылымда Қазақстанның Халық Кеңесі атты жаңа институт пайда болды.
Оның мәртебесі мен өкілеттіктері Конституцияның 70 және 71-баптарында бекітілген. Кеңеске заң шығару бастамасы және референдум өткізу туралы бастама көтеру құқығы берілді.
Бұл өзгерістер мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қоғамның қатысуына мүмкіндік беретін Ата Заңда көзделген тетіктерді кеңейтеді.
«Миранда ережесінен» бастап келтірілген залалды өтеуге дейін
Жаңа Конституцияда адам құқықтарын мемлекетпен қарым-қатынаста қорғауға ерекше мән берілген.
18-бапта ұсталған адамға оны ұстау себептері мен құқықтарын түсіндіру міндеті бекітілген. Бұл норма «Миранда ережесі» деген атпен белгілі.
Конституцияда адам ұсталған сәттен бастап адвокаттың көмегіне жүгіну құқығы қарастырылған.
15-бапта мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды мемлекет есебінен өтету құқығы бекітілген.
Алғаш рет Конституция деңгейінде адвокатураның заң көмегін көрсету және сот арқылы қорғау ісіндегі рөлі айқындалды. Тиісті нормалар 86-бапта қамтылған.
Тағы бір кепілдік заңдардың уақыт бойынша қолданылуына қатысты.
5-бапқа сәйкес, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін, олардың жағдайын нашарлататын немесе жауапкершілікті белгілейтін не күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.
Жеке деректер Конституцияның қорғауында
Өзгерістер азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын да қамтыды.
21-бапта дербес деректерді, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғауға кепілдік берілген.
23-бапта ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігі, сондай-ақ зияткерлік меншік құқығын қорғау бекітілген.
Бұл нормалар адам құқықтары мен жеке өмірге қол сұғылмаушылық қағидаттарын сақтай отырып, цифрлық технологияларды дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады.
Еңбек, отбасы және табиғатты қорғау
Жаңа Конституция қазақстандықтардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты құндылықтарды да бекітеді.
27-бапта еңбек етуге, кәсіп пен қызмет түрін еркін таңдауға құқық кепілдікке алынған.
Сонымен қатар еңбекқорлық 3-бапта мемлекеттің қызмет ету қағидаттарының бірі ретінде айқындалған. Бұл тәсіл еңбектің қоғамдық маңызын және әрбір азаматтың ел дамуына қосатын жеке үлесін көрсетеді.
30-бапта неке мен отбасы, ана мен әке және балалық шақ мемлекеттің қорғауында болатыны қарастырылған.
Неке заңға сәйкес мемлекетте тіркелген, ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалған.
Экологиялық жауапкершілікке де ерекше назар аударылған.
Конституция азаматтардың табиғатты сақтау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау міндетін бекітеді. Ал мемлекет адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.
Бұл нормалар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасының құндылықтарымен үндеседі.
Ел дамуының жаңа негізі
Конституциялық реформа мемлекеттік басқарудың жаңартылған жүйесін бекітіп, адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтті және билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін айқындады.
Сонымен бірге мемлекеттіліктің негізгі тіректері – Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы өзгеріссіз қалды.
Референдумда қабылданған Ата Заң ел болашағын айқындаудағы шешуші сөзді халықтың өзіне қалдырды. Сондай-ақ мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін және қоғамдық дамудың жаңа қағидаттарын бекітті.