Адам құқықтары саласындағы реформалар. Қазақстан нені және қалай жүзеге асыруда?

10 желтоқсан Халықаралық адам құқықтары күні ретінде 1948 жылы БҰҰ қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы негізінде бекітілген. Бұл күн адамның тегіне, жынысына, ұлтына, діни сеніміне қарамай құқын қорғауды дәріптеді. Қазіргі уақытта ол – барлық адам үшін бостандықтың, теңдіктің және әділдіктің рәмізі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біздің еліміз ауқымды демократиялық және саяси реформаларды, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласындағы бастамаларды жүзеге асыруда мойындалған өңірлік көшбасшылардың бірі болып табылады. Бұл реформалар адам құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғауға елеулі үлес қосқан «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы орасан зор саяси қайта құрудың бір бөлігі болды десек, қателеспейміз, - дейді Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.

Осы бағыттағы жүйелі жұмыс шеңберінде 2021 жылға дейін адам құқықтары саласындағы басым шаралар жоспары және 2022 жылға дейін адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы одан әрі іс-шаралар жоспары қабылданып, жүзеге асырылды. 

Өткен жылы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығы қарсаңында таяу жылдарға арналған Адам құқықтары мен заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі үшінші іс-қимыл жоспары қабылданды.

Еліміздің соңғы жылдардағы адам құқықтары саласындағы басты жетістіктеріне тоқталайық. Мемлекет басшысы тиімді әділеттілік пен азаматтардың құқықтарын қорғау ерекше орын алатын қоғамда әділеттілік пен тәртіп орнату қажеттігіне үнемі назар аударып келеді. Біздің елдің Бала құқықтары туралы факультативтік хаттамаға қол қоюы және мүгедектердің құқықтары туралы факультативтік хаттаманы ратификациялауы адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды енгізудегі маңызды қадамдар болды, - дейді Артур Ластаев.

2023 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі «Әр балаға бейбітшілік пен толеранттылық үшін сапалы білім беруді қамтамасыз ету» атты бірінші қазақстандық қарарды қабылдады. Қарар 100-ден астам мемлекет, соның ішінде Еуропалық Одақ мүшелері, АҚШ, Латын Америкасы, Азия, Африка және Таяу Шығыс елдерінен бірлескен авторлық нысанда кең қолдау тапты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстана отырып және адам құқықтары жөніндегі жұмыс аясында Конституциялық сот қайта жанданды, оған енді барлық азаматтар тікелей жүгіне алады. Барлық дерлік жағдайларда Конституциялық Сот қарастырылып отырған мәселені зерделеу кезінде өз ұстанымдарын негіздеу және қолданыстағы халықаралық құқықтық актілердің ережелерін тікелей пайдалануда халықаралық құқықтық актілерге белсенді түрде сілтеме жасайды.

Құқық қорғау ұйымдары, заңгерлер, экономистер, тәуелсіз сарапшылар мен мемлекеттік қызметкерлерден құралған Ұлттық құрылтайдың құрылуы халықтың ел басқару ісіне қатысуын арттырды. 2023 жылы «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның қабылдануы мемлекеттік органдардың қызметіне мониторинг жүргізу және қоғамдық бастамаларды ілгерілетуде құқықтық негіз қалыптастырды.

ҮЕҰ-ның әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысуына негіз жасалды. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы берілген гранттық қаржыландыру жалпы сомасы 6,4 млрд теңге болатын жүздеген жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

2023 жылы парламенттік сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық үлгісін енгізу сайлауға өзін-өзі ұсынған кандидаттардың қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, 2023 жылдың басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейтетін лауазымды тұлғалардың негізсіз баюы үшін жауапкершілікті енгізетін заң қабылданды.

Заңнамаға бейбіт жиналыстар өткізудің хабарлау тәртібі қосылды. Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы хабарлау тәртібі пикеттер, митингілер, жиналыстар үшін көзделген.

2023 жылдың қазан айында «петиция» ұғымы қалыптасты. Өтінішті беру және қарау тәртібі реттелді, дауыстардың шекті саны белгіленді.

Азаматтардың құқықтық құрылымдармен өзара іс-қимылын жақсартуға көмектесетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға ерекше назар аударылуда. Адам саудасымен күресу үшін ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіретін жаңа Заң қабылданды. Адам саудасының барлық түрлері, соның ішінде мәжбүрлі еңбек, қайыр сұрау, жыныстық қанау және органдарды алу қылмыстарына жаза қарастырылған. Ең маңызды шешімдердің бірі өлім жазасын толығымен алып тастау болды. Бұл 2022 жылғы референдумда азаматтардың қолдауына ие болған Конституцияға тиісті түзетулер енгізудің арқасында мүмкін болды, - дейді еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы