Адам құқықтары күні: Қазақстан түрме жүйесін қайта қарайды
Бүгін әлемде Адам құқықтары күні аталып өтеді. Бұл дата БҰҰ Бас ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдаған күніне орай белгіленген. Осы символдық күнде Астанада "Адам құқықтары және пенитенциарлық жүйенің дамуы: ұлттық басымдықтар мен халықаралық стандарттар" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Конференцияның дәл осы күні өтуі кездейсоқ емес: 77 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы адам құқықтарының қазіргі әлемдік қорғау жүйесінің негізін қалаған, әр адамның тең әрі ажырамас құқықтарын еске салатын тарихи декларацияны қабылдаған еді.
Форум алаңында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі құқықтар мен бостандықтарды қорғау, ұстау жағдайларын жаңғырту, халықаралық стандарттарды енгізу, сондай-ақ мемлекет, құқық қорғау ұйымдары және халықаралық институттар арасындағы өзара ықпалдастық мәселелері талқылануда.
Конференцияның ашылуында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерния және Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов сөз сөйледі. Еуропа Кеңесі мен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы өкілдері бейне-құттықтау жолдады.
Алғашқы спикерлер қатарында Жоғарғы сот, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі басшылығы, сондай-ақ ЕҚЫҰ, ДДСҰ, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен Еуропалық Одақтың өкілдері бар.
Пленарлық бөлімнен кейін секциялық отырыстар басталады.
Бірінші секция – ұлттық превентивтік механизмнің жұмысына және жабық мекемелердегі адамдардың құқықтарын қорғауға арналған.
Екінші секцияда сарапшылар сот тәжірибесін, медициналық стандарттарды және бостандығынан айырылғандарға медициналық көмектің қолжетімділігін талқылайды.
Үшінші секция – қылмыстық-атқару жүйесін институционалдық жаңғырту, сотталғандарды ұстаудың халықаралық тәжірибесі және адам құқықтарын қорғаудың заңнамалық құралдарына бағытталған.
Бір күн бойы судьялар, құқықтанушы ғалымдар, сарапшылық кеңестердің мүшелері, құқық қорғаушылар және халықаралық ұйымдар өкілдері өз баяндамалары мен аналитикалық шолуларын ұсынады. Бағдарлама тақырыптық баяндамаларды, ғылыми жұмыстардың презентацияларын, панельдік пікірталастарды және марапаттау рәсімін қамтиды.