Адам құқығын жақсы білсе, қоғамда құқықтық прогресс болады

Бүгінгі таңда жастар арасында заңды жетік білмейтін, құқықтық сауаты төмен адамдардың қатары артқан, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Адам заң арқылы өз құқығын кез келген жерде, әртүрлі жағдайда қорғай алуы қажет екенін уақыт өте түсінуге болады.

Заң мамандардың пікірінше, жастардың құқықтық сауатын арттыру үшін жалпы жастар құқығын реттейтін ресурсты орталық қажет.

Еліміздегі құқықтық мәдениеттің деңгейі осыдан бірнеше жыл бұрынғыдан едәуір өсті деуге болады. Құқықтық мәдениетті арттыру үшін балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін адам құқықтары мен бостандықтары жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Қазіргі уақытта газет-журналдарда, телеарналарда, оқу орындарында белсенді жүргізіліп жатыр. Осындай жобаларды, іс-шараларды өткізу барысында халықтың құқықтық мәдениет деңгейі өскенін байқадық. Алдағы уақытта жастар құқығын реттейтін ресурсты орталық қажет. Осылайша, жастарға заң мен оның баптарын түсіндіріп, қиын жағдайға тап болған кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік туады, – дейді заңгер Аружан Алғадай.

Құқығы бұзылған азаматтардың басым көпшілігі қайда барып жүгінуді білмейді. Өз беттерімен заңды құжаттарды рәсімдей алмай қиналған сәттері жиі байқалады. Осы ретте, заңгер мен полиция көмегіне жүгіну қажет екенін атап өтті.

Адам құқықтарының бірі бұзылса, ол автоматты түрде басқа құқықтардың бұзылуына әкеп соғады. Адамның дүниеге келгеннен бастап басты құқығы – өмір сүру құқы. Білім алуға, өз денсаулығын қамтамасыз етуге, сүйікті ісімен айналысуға құқы бар. Қарапайым тілмен айтқанда, заңда тыйым салынбаған барлық іс-әрекетті орындауға құқылы. Құқығы бұзылған адамның арызданғаны маңызды. Дер кезінде жазылған арыз кейін үлкен қылмыстың алдын алуы мүмкін, – дейді адам құқығы жөніндегі сарапшы Самал Серікбайқызы.

Сарапшы маманның пікірінше, әрбір азамат өз құқығын әр жағдайда қорғай алуы тиіс.

Адам білуге тиіс заңдарды тізбектеп айтып отыру мен үшін заңгер ретінде қате болар еді. Себебі мемлекеттегі әрбір азамат білуге тиіс ол – Ата заң. Конституциясының 1-бабының 1-бөлігінде: «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, бостандығы, тыныштығы» деп анық көрсетілген. Адамның өмірі, денсаулығы, тыныштығы, бостандығы мен құқығы Конституциямен қорғалады. Бұдан басқа, адам білуге тиіс заң жоқ. Әр азамат осы қағиданы білуі керек әрі сол заңдардың орындалуын әрбір азамат қадағалаған жөн деп санаймын, – дейді Самал Серікбайқызы.

Еске сала кетсек, 1996 жылдың 13 мамырында «ҚР жаппай бірдей құқықтық білім берудің кешенді бағдарламасы» бекітілген. Онда 1-сыныпта «Мораль мен құқық негіздері» пәні міндетті түрде кірістірілсін деген шешімі туралы айтылса, 10-бабында «Құқық негіздері» пәні 5-8 сыныптарда міндетті түрде оқытылуы тиіс» деп көрсетілген. Осы пән оқушыларға құқық, мемлекет, заң, құқықтық тәртіп, жауапкершілік, әлеуметтік әділеттілік, адамның жоғарғы азаматтылығы, тұлғасының тұрақты адамгершілік-құқықтық қасиеттері туралы алғашқы білімдері беріледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы