Адам қандай жетістікке жетсе де, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады – Тоқаев

Мұндай пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазірдің өзінде Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан прогрессивті мемлекет саналады. Өз жастарымыз ғана емес, түрлі елдердің, соның ішінде көрші мемлекеттердің көп азаматы да болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келеді. Біз халықаралық аренадағы осы абырой-беделімізді бірте-бірте нығайтып, таланттар, жаңашыл идеялар мен инновациялық технологиялар шоғырланатын елге айналуымыз керек, - дейді Президент.

Мемлекет басшысы атағандай, бүгін бәріміз тұтас ел болып жасап жатқан әрбір қадам, әрбір шешім Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтып, келешегін айқындайды.

Билік те, сіздер де, құрметті ұстаздар, бір мақсат жолында еңбек етіп келеміз, бұл – өскелең ұрпақтың амандығы және жарқын болашағы. Сондықтан, біз алдағы уақытта да мұғалім мәртебесін көтеру үшін қажетті жағдайдың бәрін жасаймыз. Әлем тарихында білім-ғылымды басты орынға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен, орасан зор табысқа жеткен елдер аз емес. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық, - деп атап өтті Тоқаев.

Президент Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалайтынын, олардың жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенетінін атап өтті.

Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады. Қазақстанның жарқын болашағы сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты. Себебі, сіздер тұтас ұлтты оқытып, тәрбиелеп жатсыздар. Осы жауапкершілікті терең сезініп, қастерлі міндетті абыроймен атқара бересіздер деп сенемін, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы