Адам папилломасы вирусына қарсы 5600 қызға екпе салынады
Павлодар облысында 11 жасар қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы иммундау шараларына дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Екпе салу шаралары осы жылдың қыркүйек айында жүргізіде бастайды. Мамандардың мәліметінше, биыл 5600 қыз баланы вакциналау жоспарланған.
Жатыр мойнының қатерлі ісігіне қарсы күрес аясында адам папилломасы вирусына қарсы екпе салу екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Яғни, бірінші процедура 11 жаста, ал екіншісі жарты жылдан кейін өткізіледі. Қауіпті дертке қарсы шаралар туралы ақпараттық жұмыс қолға алынды. Мәселен, оепродуктивті денсаулық апталығы шеңберінде облыстың штаттан тыс онкогинекологі обырды алдын алу бойынша кеңес өткізді, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева.
Жатыр мойнының қатерлі ісігі - сүт безі обырынан кейін кең тараған ауру. Елімізде жатыр мойны ісігіне шалдыққан 1900-дан астам оқиға тіркеледі. Олардың ішінде жүздеген әйел көз жұмады.
Қатерлі ісікке шалдығудың негізігі себебі адам папилломасы вирусы екені белгілі. Ауруға қарсы екпе салу әлемде 2006 жылдан бері жүргізіліп келеді. Өзбекстан, Тәжікстанда да иммундау басталған. Биылдан бастап бұл процедура ұлттық екпе төлқұжатына енгізілген. Бүгінгі таңда Павлодар облысында онкологиялық диспансердің есебінде 13 мыңнан астам науқас тұр. Олардың ішіндегі 1152 әйел жатыр мойны ісігіне шалдыққан. Сондықтан, ертең кезеңде диагностика жасап, емдеу аса маңызды, - дейді облыстық онкологиялық диспансердің онкогинеологі Лаура Нұрсейітова.
Сараптамаға сәйкес бұл дертке көбінесе 25-44 жас аралығындағы әйелдер шалдығады. Облыста төрт валентті «Гардасил» екпесі қолданылады деп күтілуде.