13 Қараша 2026, 12:11 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Адам өзі де білмеуі мүмкін: Қант диабетінің қауіпті белгілері аталды

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында скринингтік зерттеулер нәтижесінде қант диабетінің 33 192 жағдайы анықталды. Мамандар аурудың ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін екенін ескертіп, оны ерте анықтау емді уақытында бастауға және асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік беретінін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметінше, қант диабеті әлемдегі өзекті денсаулық сақтау мәселелерінің бірі болып қала береді.

NCD-RisC халықаралық зерттеу бірлестігінің 2024 жылы The Lancet журналында жарияланған бағалауына сәйкес, 2022 жылы әлемде 18 жастан асқан шамамен 828 миллион адам қант диабетімен өмір сүрген. Бұл көрсеткіш 1990 жылмен салыстырғанда төрт еседен астам өскен.

Ал Халықаралық диабет федерациясының (IDF) бағалауынша, 2024 жылы 20-79 жас аралығындағы 589 миллион ересек адамға қант диабеті диагнозы қойылған. Бұл – осы жас тобындағы әрбір тоғызыншы адамға жуық. Оның ішінде шамамен 252 миллион адам, яғни науқастардың 43 пайызы өз бойындағы ауру туралы білмеген. 2050 жылға қарай қант диабетімен өмір сүретін ересектер саны 853 миллионға жетуі мүмкін.

Мамандар NCD-RisC және IDF көрсеткіштері әртүрлі жас топтары мен есептеу әдістемелеріне негізделгенін атап өтеді.

Қазақстандағы жағдай қандай?

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қант диабетімен сырқаттанушылық көрсеткіші әр 100 мың адамға шаққанда 331,6 жағдайды құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 328,3 болған.

Сонымен қатар өңірлер арасында сырқаттанушылық деңгейінде айырмашылық бар. Бұл қауіп факторларының таралуына және ауруды анықтау деңгейіне байланысты болуы мүмкін.

Балалар арасындағы жағдай да назар аударуды қажет етеді. 2025 жылы 0-14 жас аралығындағы балалар арасында қант диабетімен сырқаттанушылық көрсеткіші әр 100 мың балаға шаққанда 20,7-ден 22,9 жағдайға дейін өскен. Көрсеткіштің өсуі қала және ауыл балалары арасында да тіркелген.

2026 жылы скринингтен қанша адам өтті?

Ауруды ерте анықтаудың негізгі құралдарының бірі – медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізілетін скрининг.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында қант диабетін ерте анықтауға арналған скринингпен 1,65 миллионнан астам адам қамтылды. Бұл жоспарланған контингенттің 84,2 пайызына тең. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 79,4 пайыз болған.

Скрининг нәтижесінде биыл 33 192 жағдай анықталды. Былтыр осы кезеңде 22 690 жағдай тіркелген. Ауруды анықтау көрсеткіші 1,5 пайыздан 2 пайызға дейін өскен.

Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-174/2020 бұйрығына сәйкес, қант диабетіне арналған скрининг екі жылда бір рет жүргізіледі. Оған артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы және қант диабеті бойынша динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер қатысады.

Скринингтің алғашқы кезеңінде гликирленген гемоглобиннің (HbA1c) деңгейі тексеріледі. Егер нәтиже қалыпты көрсеткіштен ауытқыса, дәрігер қосымша тексеру тәртібін белгілейді.

Кімдер қант диабетінің қауіп тобына жатады?

Аурудың кең таралған түрі – 2-типті қант диабеті. Оның дамуына тұқым қуалайтын бейімділік пен өмір салтына байланысты факторлар әсер етеді.

Негізгі қауіп факторлары:

  • артық дене салмағы мен семіздік, әсіресе бел айналымының ұлғаюы;
  • дене белсенділігінің төмендігі;
  • дұрыс тамақтанбау;
  • егде жас;
  • жақын туыстарында қант диабетінің болуы;
  • жүктілік кезінде қант диабетінің анықталуы.

Сонымен қатар 2-типті қант диабетінің көптеген жағдайларының алдын алуға немесе аурудың дамуын едәуір кейінге шегеруге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дұрыс тамақтануды, қалыпты дене салмағын сақтауды және аптасына кемінде 150 минут орташа қарқынды дене белсенділігімен айналысуды ұсынады.

Балалар мен жасөспірімдер арасында да дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыру, тәтті сусындарды шектеу және күнделікті қозғалыс белсенділігін арттыру маңызды.

Қант диабетінің қандай белгілеріне назар аудару керек?

2-типті қант диабеті бастапқы кезеңде айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан кейбір адамдар ауру туралы профилактикалық тексеру кезінде немесе асқынулар пайда болғанда ғана біледі.

Аурудың негізгі белгілері:

  • үнемі шөлдеу және ауыздың құрғауы;
  • жиі зәр шығару;
  • тез шаршау және әлсіздік;
  • дене салмағының себепсіз төмендеуі;
  • көру қабілетінің бұлыңғырлануы.

Осындай белгілер байқалса, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымына жүгініп, тексеруден өту қажет.

Ал 1-типті қант диабеті кез келген жаста, соның ішінде балаларда да дамуы мүмкін. Егер шөлдеу, жиі зәр шығару, әлсіздік пен дене салмағының себепсіз төмендеуі тез үдесе, шұғыл медициналық көмекке жүгіну керек. Бұл белгілер құсу, іштің ауыруы немесе терең әрі жиі тыныс алумен қатар жүрсе, жедел жәрдем шақыру қажет. Мұндай жағдай өмірге қауіп төндіретін диабеттік кетоацидоздың белгісі болуы мүмкін.

Ауруды ерте анықтау не үшін маңызды?

Қант диабеті миокард инфарктісі, инсульт, созылмалы бүйрек ауруы, көру қабілетінен айырылу және төменгі аяқ-қолдарды ампутациялау қаупін арттырады. Ауру неғұрлым ұзақ уақыт диагнозсыз және емсіз жүрсе, асқыну ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.

Мамандардың айтуынша, қант диабетін емдеудің заманауи тәсілдері ауруды бақылауда ұстауға және ауыр салдардың даму қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Ол үшін қандағы глюкоза деңгейін, артериялық қысымды және липидтік бейінді тұрақты тексеріп, дәрігер тағайындаған емді сақтау қажет.

Бұл ретте алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерлері, эндокринологтер, офтальмологтер, нефрологтер және басқа да бейінді мамандардың бірлескен жұмысы маңызды. Пациенттерге ауруды түсінуге және денсаулығын бақылауға көмектесетін «Диабет мектептері» мен өзге де оқыту бағдарламалары да қарастырылған.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мамандары қант диабетін ерте анықтау, емді уақытында бастау және тұрақты медициналық бақылау асқыну қаупін төмендетуге әрі өмір сапасын сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мамандар скринингтен өтуге жататын азаматтарға ешқандай шағымы болмаса да, жоспарлы тексеруден өтуді ұсынады.