Адам өмірі қымбат па, қаңғыбас иттің "құқығы" ма? Депутат шұғыл мәселені атады

Маңғыстау облысында болған оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр. 16 жастағы жасөспірім бұралқы иттердің шабуылынан ауруханаға ауыр жағдайда түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин иттерге қатысты қазіргі жағдайды өткір сынға алып, Үкімет бұралқы иттер мәселесін жүйелі түрде шешуі керек екенін мәлімдеді. Ол қаңғыбас жануарларға қатысты заңға өзгеріс енгізуді талап етуде.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл сайын Қазақстанда 38 мыңнан астам адамды ит қабады. Бұл күніне 104 адам бұралқы иттердің шабуылына ұшырайды деген сөз. Оның кемінде жартысы – 14 жасқа дейінгі балалар.

Қазір балаларды қойып, бұралқы иттер ересектерге шабуыл жасаған оқиғалар да жиілеп кетті. Сонда біз жас баланы да, қарт адамдарды да қорғай алмайтын деңгейге жеттік пе? - деді Жаңбыршин.

Қаңғыбас иттер мәселесі неге шешілмей отыр?

Қазіргі заң бойынша иесіз иттерді ұстау, стерилизациялау, вакцинация жасау қарастырылған. Алайда, бұл әдіс нәтиже бермей отыр. Иттер саны азайған жоқ, керісінше көбейіп барады.

Бұған бірнеше фактор әсер етуде:

* Қаңғыбас иттерді қорғау ұйымдарының әрекеті – депутаттың айтуынша, кейбір ұйымдар USAID сияқты батыстық қорлардан грант алып, бұралқы иттерді қорғауды адам құқығынан жоғары қояды.

* Асыранды иттердің қараусыз қалуы – кейбір азаматтар үйдегі иттерін көшеге шығарып жібереді, ал олар жабайыланып, қасқырға айналады.

* Мемлекеттен бөлінетін қаржының тиімсіз жұмсалуы – бір итті күтіп-ұстауға мемлекет күніне 20-40 мың теңге бөледі, ал мектеп оқушысын тамақтандыруға бар болғаны 840 теңге қарастырылады.

Қоғамда дау көтеріп жүрген кейбір "жануар құқығын" қорғаушылар алдымен адам қауіпсіздігін ойласын. Ақбөкендер мен итбалықтар қырылғанда олар қайда қалды? Әлде гранттарын тек иттер мен мысықтарды қорғауға ғана алады ма? - деп ашынды депутат.

Жаңбыршиннің айтуынша, қазіргі заң бойынша қаңғыбас иттерді 15 күннен кейін қайтадан көшеге жіберу көзделген. Бұл – мәселені түбегейлі шешпейтін тиімсіз тәсіл.

Оның орнына депутат бұралқы иттерді 15 күн бойы иесі табылмаған жағдайда эвтаназиялау жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл тәжірибе АҚШ, Жапония, Франция, Ұлыбритания, Литва және басқа да дамыған елдерде қолданылып келеді.

Жануарларға жауапкершілікпен қарау керек, бірақ адам өмірі қашан да бірінші орында болуы тиіс! Біз бұл тәжірибені әлемнің көптеген елдерінен көріп отырмыз. Ресеймен шекаралас скандинавия елдері тіпті біздің елден бұралқы иттер өтіп кетсе, бірден атып тастайды, – деді депутат.

Депутаттың ұсыныстары:

1. Қоғамда өзін "зооқорғаушылармыз" деп таныстыратын ұйымдарды тексеру. Олардың қандай мақсатта және қайдан қаржы алып отырғанын анықтау қажет.

2. Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлерге қарсы ұйымдастырылған ақпараттық шабуылдарды зерттеу. Қоғамда иттерді қорғауды сылтау етіп, жалған ақпарат таратып жүрген тұлғаларды анықтау керек.

3. Қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу:
• Бұралқы иттерді жаппай ұстап, арнайы орындарда күтіп-ұстау жүйесін енгізу.
• Агрессивті және жұқпалы аурулар тасымалдайтын иттерге эвтаназия жасау мүмкіндігін заңдастыру.

Мемлекеттің басты байлығы – адам. Біз ең алдымен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек, - деп түйіндеді Жаңбыршин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы