Адам өлтірді деген күдікті Германиядан экстрадицияланды
Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі өзара түсіністік қағидаты бойынша Бас прокуратурасының адам өлтіруге күдікті азаматты ұстап беру туралы сұрау салуын қанағаттандырды.
Қылмыс 2017 жылы Орал қаласындағы автотұрақ аумағында орын алған, жанжал кезінде күдікті жәбірленушіге 7 рет пышақ жарақатын келтіріп, жәбірленуші соның салдарынан қаза болған, - делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.
Бұл қылмысты жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, сол себепті оған қатысты халықаралық іздеу жарияланды.
Бүгін Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады.
Жоғарыда аталған қылмысты жасағаны үшін ол 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кету керек, кезекті Германияның күдікті адамды Қазақстанға бергені елдеріміз арасындағы сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді.
Видео: Бас прокуратурадан