Адам өліміне әкеп соқтырған жол апатында екі жүргізуші де сотталды

Алматы, BAQ.KZ.  Алматыда екі адамның өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына себепші болған көлік жүргізушілері 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Алматы ПД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Осыдан бір жылдай бұрын Сүйінбай даңғылы мен Баянауыл көшесінің қиылысында адам өліміне әкеп соққан ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. 

Сағат 22:35. «Субару Легаси» автокөлігінің жүргізушісі А.Петин салондағы жолаушыларымен бірге Сүйінбай даңғылымен оңтүстік бағытта жүріп, Баянауыл көшесіне бұрылған. Бағдаршамның сары түсі жанып тұрса да  «Субару бұрылуды бастаған. Осы уақытта А.Алипов жүргізіп келе жатқан  «Митсубиси Паджеро» маркалы автокөлігі Сүйінбай даңғылының бойымен солтүстікке қарай жүріп бара жатқан, оның да салонында екі жолаушысы болған. «Митсубиси» жүргізушісі онсыз да жыпылықтап тұрған бағдаршамның сары түсінен үлгеріп өтіп кету үшін газды қатты басқан, ал «Субару» жүргізушісі жылдам қимылдап, маневрді аяқтауға асыққан. Асығудың салдарынан екі көліктің қатты соқтығысуы орын алған. Соққыдан «Митсубиси» төңкеріліп қалған. Осы сәтте оның салонында болған әйелдердің біреуі көліктен ұшып кетіп, көше бойына орнатылған бағанаға барып соққан. Инерцияның күшімен  «Митсубиси» асфальтта сырғып, жол талғамайтын көлік қайтадан аударылып, жүрісін жалғастырып, автокөлік басқарусыз жол бойымен жүре берген. Әрі қарай көлік үшінші машинаға соғысып, жол талғамайтын көлік тоқтаған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Митсубиси» автокөлігінің салонында болған жолаушылар, бір-біріне туыс болып келетін, екі әйел де қайтыс болды, – деді Алматы қаласының ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов. 

Сот отырысы барысында А.Петин мен Ж.Алипов өз кінәларын толықтай мойындады. 

Сот А.Петин мен Ж.Алиповты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, олардың әрқайсысына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Біреулердің ет жақындары осындай немқұрайлылық пен қылмыстық тәкаппарлықтың салдарынан қайтыс болды. Жүргізушілердің біреуі тоқтау керек болса да, бағдаршамның сары түсіне өтіп кетті, екіншісі, маневрдің қауіпсіздігіне сенімді болмай, маневр жасай бастады. Екі жүргізушінің де бейқамдығы осындай қайғылы салдарға әкеп соқтырды. Жол күндіз де, түнде де, тас жолда болсын, қалада болсын қателіктерді кешірмейді. Мұқият және сақ болу маңызды, бастысы ешқайда асықпау керек. Себебі түптің түбінде асығатын жерің болмай қалуы да мүмкін, – деп түйіндеді Олжас Шәріпов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы