Адам өмірін құтқарудан асқан жетістік жоқ – дәрігер

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Адам өмірін құтқару – оташы Құралбай Асановтың күнделікті жұмысы. Ол Қостанай облыстық ауруханасында 13 жыл еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол бес мыңға таяу ота жасаған.


Дәрігердің есімі "Қостанай облысының 100 жаңа есімі" жобасына енгізілген. Мұндай марапатқа кім ұсынғанын өзі білмейді. Оның пайымынша, басты жетістік грамота мен дипломдар емес, пациенттерінің денсаулығы. Құралбай Асановтың алғаш жасаған отасы бүгінгідей есінде.
Бастапқыда соқырішектің қабынуына ота жасап үйрендік. Қасыңда тәжірибелі дәрігерлер тұрғанда өзіңе сенімді боласың. Ал өзім хирург ретінде бірінші емдеген пациентім Сарыкөл ауданының тұрғыны. Аздап қобалжыдым. Бірақ, асқазан жарасының ойылуына жасаған алғашқы операциям сәтті болды. Интернатураны бітіре салысымен бірер уақытқа сонда жіберген еді. Аудан ауруханасында бір-екі күнде қатарынан үш-төрт отаны өзім жасадым. Бұл мен үшін үлкен мектеп болғанын үнемі айтып отырамын. Осында жұмыс істеймін дегенде ұстазым Қанат Мырзалымұлы арқамнан қағып, қолдау көрсетті. Сол кісінің қарамағында істеп жүріп, көп нәрсеге көз жеткізді, - дейді дәрігер.


Оның айтуынша, қазір адамдарда жиі кездесетін ауру – өт жолына тастың жиналуы. Асқазан жарасының ойылуы да көпшілік арасында жиі кездесіп жатады.

Эндоскопиялық хирургия жылдан-жылға жақсы дамып келеді. Неше түрлі құрылғылар шығып жатыр. Оның біразы бізде де бар. Қажеттілік туындап жатса, қолданамыз. Мысалы, ішті теспей, өттегі тасты асқазан арқылы алу әдісі бар. Ауруханамыздағы бір жетістік деуге болады мұны. Енді тері арқылы ине жіберіп, бауырдағы іріңдерді сорып алатын түтікшелерді күтіп отырмыз. Бұл да біздегі медициналық қызметті сапалы атқаруға септігін тигізетін құрал, - дейді Құралбай.

Оның осы кезге дейінгі ең қиын оталардың бірі 2016 жылы жасалды. Кезекті кезекшілікте отырғанда Ұзынкөл ауданынан хабар түседі. Ауыр жараланған адамға шұғыл отау жасау қажет. Науқасқа біреу орақпен шабуылдап, ішкі ағзаларын зақымдаған. Құралбай бастаған жедел дәрігерлік топ санавиациямен аудан орталығына ұшып барады. Науқастың жағдайы тым қиындап кеткен: өкпесі, бауыры, бүйрегі, ұйқы безі мен ішек құрылысы түгелі зақымданған. Асановтың жетекшілігімен өткен операция түнгі сағат 12-ден таңғы 5-ке дейін созылады. Сәтті жасалған отаның арқасында пациент аман қалып, бір айдың көлемінде қатарға қосылады.


Осында жұмысқа тұрған үш жылдың ішінде Құралбай Қарлыбайұлынан көп нәрсе үйрендім. Оның кәсіби тұрғыдағы ақыл-кеңесінен бөлек, өмірлік ұстанымдары бізге үлгі. Мысалы, ол өте қарапайым. Меніңше, ол нағыз кәсіби маманға тән қасиет, - дейді жас дәрігер Қобыланды Томашев.

Қостанай облыстық ауруханасы жыл сайын жаңа, жас буынмен толығып отырады. Биылдың өзінде мұнда жеті маман жұмысқа орналасты. Сонымен бірге, Рудный, Жітіқара және Арқалық ауруханаларына жекелеген салалар бойынша оқудан өткен дәрігерлер жұмысқа тұрып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2018 жылы алғаш рет облыстық бюджет есебінен "жалпы медицина" мамандығына 80 резидент пен 20 студентті даярлау басталған. Биыл сол бастама жемісін беріп, 24 дәрігер-резидент жұмысқа кіріседі. Олардың ішінде эндокринологтар, нефрологтар, сәулелі диагностика мамандары және басқалары бар. Бірақ, бұл мамандар кадр тапшылығы мәселесін толық шешпейді. Облысқа қазір 379 дәрігер жетіспей тұр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы