Адам өмірі, құқығы мен бостандығы мемлекеттің ең қымбат қазынасы – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған «ХХІ ғасырдың Конституциясы - құқық үстемдігі, адам құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» тақырыбында өткен онлайн-халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде айтты.

Биыл Ата Заңымызға 25 жыл толады. 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ата Заңымызға идеялық тұрғыдан бастамашысы болды. Осы іргелі құжатты әзірлеу жұмысын Елбасының өзі басқарды. Конституция Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды, - деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, Ата Заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. 
Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты. Дегенмен, Конституцияның жасампаздық әлеуеті әлі зор. Әсіресе, қоғам тарапынан туындаған әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы талап-тілектерге толыққанды жауап беретіндей мүмкіндіктері мол екені сөзсіз. Ата заңның ережелерін жүзеге асыру ісінде Конституциялық кеңестің маңызы ерекше. Кеңес Ата заңның ел аумағында үстемдік етуін қамтамасыз етіп, конституциялық талаптардың мән-мазмұнын мазмұнын түсіндіру тұрғысынан орасан зор жұмыс атқарады. Биыл Қазақстанның Конституциялық кеңесі Азия конституциялық соттары қауымдастығы мен Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына төрағалық етуде. Кеңестің осындай мәртебелі де жауапты миссияларды атқаруы мерейтой жылына тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор, – деді Президент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы