Адам ағзаларын саудалаған қылмыстық топ ұсталды
Өзбекстанда адам ағзаларын саудалаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Өзбекстан ІІМ-ге сілтеме жасап.
Қылмыстық топ құрамында 12 адам болған. Олар әлеуметтік желілер арқылы бүйрек пен бауыр ауруына шалдыққан адамдарды тауып, оларға трансплантация жасауды ұсынған. Ал ағзаларды алу үшін топ мүшелері қомақты қаржыға бүйрек немесе бауырдың бір бөлігін сатуға дайын дені сау адамдарды іздеген.
Шетелдегі таныстарының көмегімен олар жеке басын куәландыратын құжаттарды қолдан жасап, донорлар мен реципиенттерді туыс ретінде көрсетіп, көрші елдердің біріндегі жекеменшік клиникада хирургиялық операциялар жасаған, – делінген хабарламада.
2023 жылдан 2025 жылға дейін қылмыстық топтың көмегімен кемінде 32 науқасқа ағза трансплантациясы жасалған.
Науқастардан түскен ақшаның бір бөлігін қылмыскерлер операция жүргізілген клиникаға және донорларға берген, ал қалғанын өзара бөлісіп отырған.
Сонымен қатар қылмыстық топ ағза ауыстырғаннан кейін денсаулығы жақсармаған науқастарға ауырсынуды жеңілдету үшін күшті әсер ететін дәрі-дәрмектерді қымбат бағаға сатқан.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты төрт бап бойынша қылмыстық іс қозғалды: "Ағзаларды алу мен трансплантациялау шарттары мен тәртібін бұзу", "Құжаттарды қолдан жасау", "Контрабанда" және "Есірткі құралдарын заңсыз өндіру, сатып алу, сақтау және оларға қатысты өзге де әрекеттер".
Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі осы қылмыстық топтың әрекетінен жапа шеккен өзге де азаматтар болса құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.