«Ақмола – адалдық алаңы» жобасының жоспарлары таныстырылды

Астана, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті баспасөз конференция ұйымдастырып, оның жұмысына «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ақерке Бекахметова қатысты.

Баспаөз конференция барысында «Ақмола – адалдық алаңы» жобасын іске асырудың барысы мен жоспарлары талқыланды.

Елбасы өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Жемқорлықтан азат өңірлер» жобасының шеңберінде жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру бойынша астананың тәжірибесін таратуға тапсырма берді. Ақмола облысында аталған жоба - «Ақмола – адалдық алаңы» атауымен жүзеге асырылып, үш міндетті шешуге бағытталған: тұрмыстық жемқорлықты жою және жайлы жағдайлар жасау, қоғамдық бақылауды іске асыру, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

«Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін жемқорлық тәуекелдерін анықтау мен жою, бизнес үдерістерді оңтайландыру, қағазбастылық бөгеттерді жою, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау сияқты шаралар ұйымдастырылады. Бұл шаралар білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, ТКШ, сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары, мемлекеттік кірістер органдары, сот және құқық қорғау органдары салаларын қамтиды. Осы салалар мен Жобаның бағыттары бойынша жұмысты қоғам өкілдерінен, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес саласының белсенділерінен, тұрақты мониторингтік топ мүшелерінен, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған жобалық топтар қамтамасыз ететін болады» - деп Ақерке Бекахметова мәлімдеді. 

Сонымен қатар өз сөзінде Ақерке Бекахметова жобаны іске асырудың жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, жоба шеңберінде мысалға, денсаулық сақтау саласында облыстың барлық емханалары мен ауруханаларында ыңғайлы навигация, ақпарат бұрыштарын ашу, сонымен қатар медициналық қызметтерге қол жеткізуді жеңілдететін электрондық карталарды енгізу арқылы науқастарға жағымды жағдай жасауға бағытталған жүйелік жұмысты атқару жоспарлануда.

«Білім саласында» мектептердегі за4сыз ақша жинауды шектеуге назар аударылады. «Әлеуметтік қамту» бағыты бойынша мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға жағдай жасалады.

Сонымен қатар жоба шеңберінде «Сәулет, құрылыс және тұрғындық-коммуналдық шаруашылық», «Ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары», «Мемлекеттік кірістер органдары», «Құқық қорғау және сот органдары» сияқты бағыттар бойынша жүйелік жұмыс атқарылатын болады.

Жоба қызметінде қарамағындағы қызметшілер жемқорлықтық құқық бұзушылық жасаған жағдайдағы бірінші басшылардың жеке жауапкершілігін арттыру мәселесі ерекше орын беріледі. Бүгінгі таңда барлық дәрежедегі әкімдер мен облыстың мемлекеттік органдарының бірінші басшылары жеке жауапкершілік жөнінде келісімге қол қойды. Сонымен қатар жоба шеңберінде облыста қоғамдық бақылау картасын және мемлекеттік сатып алуға жүйелік мониторинг енгізу жоспарлануда.

Оған қоса жоба бойынша жұмыс халықпен тұрақты байланыс жасауды, олармен маңызды мәселелерді талқылауды көздейді. Жобалық кеңсенің жұмысы қоғамнан жаңа ұсынымдар қабылдауға ашық болады.

 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы