Адал еңбек – асыл қызмет
BAQ.KZ тілшісі тілдескен тағдыр иесі – Әзімбек Ысмайылұлы атындағы мектептің қызметкері Гүлнар Сейілханова. Гүлнар Сейілханова – жылдар бойы тазалық пен тәртіпке үлес қосып келе осы мектептің кіші қызметкері.
Мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, ол – мыңдаған тағдырдың, жүздеген баланың жүрегінде мәңгілік із қалдыратын үлкен әлем. Әрбір қоңыраудың сыңғыры, әрбір дәлізде естілген күлкі, ұстаздардың мейірімге толы үні – осы әлемнің ажырамас бөлшегі. Бірақ осы бір үйлесімнің сақталуына, білім ошағының тыныштығы мен тазалығына көпшілік назар аудара бермейтін тағы бір маңызды күш бар. Ол – кіші қызметкерлердің еңбегі. Күн сайын көзге көп түсе бермейтін, бірақ мектеп өмірінің ажырамас бөлігі болып кеткен бұл кісінің еңбегі шынымен құнды.
Гүлнар ханым осы мектептің табалдырығын қызметкер ретінде алғаш 2004 жылы аттаған болатын. Содан бері ол жиырма жылдан астам уақыт бойы бір орында табан тіреп еңбек етіп келеді. Уақыт өте келе мектеп қабырғасынан талай оқушы түлеп ұшты, талай мұғалім келіп, жаңа өмір жолын бастады, ал Гүлнар апай осының бәріне куә болып, әрбір кезеңнің үнсіз серігіне айналды.
Мектепке алғаш келген күнім әлі есімде. Балаларым жас, өмірдің өзі толғаныспен өрілген шақ еді. «Қайда жұмыс табамын?» деген ой көп мазалады. Ақырында осы мектепке келдім. Алғашқы күні дәлізді жуып жүріп, өзімнің бала кезімде осы дәліздермен жүгіргенімді ойладым. Сол сәт жүрегімді ерекше толқытты. Уақыттың қалай зырлап өткенін де байқамай қалдым. Міне, арада жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Әрбір сыныптың тап-таза болғанын қадағалау – мен үшін жұмыс қана емес, міндет пен борыш сияқты. Себебі мұнда балалар білім алады. Баланың жүрген жері періштенің мекені сияқты ғой. Ал періштенің жүрген жері әрдайым таза болуы керек. Мен соған үлес қосып жүргеніме қуанамын, – дейді ол естелігін терең тыныспен еске алып.
Көпшілікке кіші қызметкердің еңбегі аса байқалмайтын шығар. Бірақ шын мәнінде, бұл – ең ауыр әрі жауапты жұмыстардың бірі. Ерте таңнан тұрып, сынып бөлмелерін тазалау, дәлізді жуып-сүрту, терезе-есікті реттеу, қыс мезгілінде қар аршу, жазда шаңнан арылту – мұның барлығы тек физикалық күш емес, төзімділік пен табандылықты талап етеді. Сонымен қатар өмірдің әрбір жолы өз сынағын әкеледі. Жалғызбасты ана талай қиындықты бастан өткерді. Балаларын ешкімге қол жаймай, өз еңбегімен өсірді.
Қиындық көп болды. Бірақ ешқашан еңбектен қашпадым. Өйткені балаң үшін барлығына төзесің. Өзіме әрдайым «адал еңбек еткен адам ешқашан ұтылмайды» деп қайталайтынмын. Сол сөз мені алға жетеледі. Шүкіршілік, қазір балаларыма қарап қуанып отырамын. Олар менің ең үлкен бақытым, – деп ой толғайды ол.
Оның еңбегін әріптестері де жоғары бағалайды. Мектеп директоры Нұргиза Әбдіғалиқызының айтуынша, ол – ұжымның сенімді серігі.
Гүлнар біздің мектептің тарихымен біте қайнасқан жан. Әрбір ісін тиянақты орындайды, ешқашан шағым айтпайды. Ұжымдағы әр адам оған сүйенеді, себебі ол – сенімділік пен тұрақтылықтың адамы. Оның еңбегін шәкірттер де, әріптестер де құрметтейді, – дейді мектеп басшысы.
Ал ұстаздар қауымы оны "мектептің бейресми тәрбиешісі" деп атайды. Өйткені балалар тазалықты осы кіші қызметкердің еңбегінен көріп, үйренетінін де жасырмады.
Оқушылар кейде сыныпты шашып алса, бұл кісі артық сөз айтпайды. "Әр нәрсенің өз орны бар" деп сабырмен түсіндіреді. Осы арқылы балалар да ұқыптылыққа үйренеді. Оның әр сөзі – тәрбие, әр ісі – үлгі. Біз бұны жоғары бағалаймыз, – дейді әріптестері.
Мектеп ұжымы оқушылардың ата-аналары да бұл кісінің еңбегін елеусіз қалдырмайды. "Балаларымыз таза, жарық мектепте оқып жүр. Бұл – ұстаздардың ғана емес, кіші қызметкерлердің де еңбегі. Әсіресе, Гүлнар ханымның ықыласы бөлек. Әрдайым жылы жүзді, сыпайы сөйлейді. Балалар да оны қатты жақсы көреді» деген пікірде.
Алдағы екі жылда Гүлнар Сейілханова осы білім ошағынан зейнеткерлікке шығады.
Жиырма жылдан астам уақыт бойы осы мектеппен бірге тыныстап келдім. Балалардың күлкісіне қуандым, олардың әр жетістігін өзімнің жеңісімдей көрдім. Енді зейнетке шығатын уақытым таяп қалды. Әрине, қимаймын. Бірақ уақыт өз дегенін жасайды. Ең бастысы – артта қалатын адал еңбектің ізі. Сол із ешқашан өшпейді деп сенемін, – дейді ол жүрек түбіндегі сырын ақтарып.
Адамның қоғамдағы орны оның атақ-дәрежесімен өлшенбейді. Көзге көп түсе бермейтін, бірақ баршаға ортақ пайда әкелетін адал еңбек – ең үлкен байлық. Гүлнәр Сейілханова – осының айқын дәлелі. Ол – тек мектептің кіші қызметкері ғана емес, ол – табандылықтың, төзімділіктің, мейірім мен адалдықтың үлгісі. Оның артында қалған із – тап-таза дәліздер мен жарқыраған сыныптар ғана емес, мыңдаған баланың жүрегінде сақталған алғыс пен құрмет.