5 Қазан 2026, 15:23 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Адал азамат мұғалімнен тәлім алады»: Тоқаев ұстаздарға алғыс айтты

Мемлекет басшысы ұстаз еңбегін жоғары бағалап, балаларға жарқын болашақ пен нақты мүмкіндік берудің маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шарада еңбекқор, білімге құштар және ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеудің маңызына тоқталды.

Президенттің айтуынша, балалардың қызығушылығы мен қажеттілігін ескеріп, оларды шынайы өмірде де, виртуалды кеңістікте де қорғау қажет. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа болашақта мақсат-мұратына жетуге мүмкіндік беретін жағдай жасалуы керек.

Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Еңбек дегеніміз – бүкіл өмірді билеп тұрған патша, бұл – өмірдің арқауы. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады. Осы қарапайым түсінікті балаларға түсіндіріп айту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы балаларды тәрбиелеудегі стратегиялық мақсат – биік шыңдарға ұмтылатын, бәсекеден тайсалмайтын жасампаз ұрпақ қалыптастыру екенін атап өтті.

Президент Қазақстанның өсіп-өркендеуі әр азаматтың ел дамуына қосатын үлесіне байланысты екенін айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жаңа этика қалыптасып келе жатқанына назар аударды. Оның сөзінше, тазалық, еңбекқорлық, адалдық және өзара сыйластық қасиеттері ұлттық дағдыға айналып келеді.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясының жалпыұлттық сипат алғанын атап өтті. Оның пікірінше, бастама елдің келбетіне ғана емес, азаматтардың болмысына да оң әсер ете бастаған.

Табиғатты аялау мен жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттің конституциялық міндеті екенін айтқан Президент бұл іске ұстаздар қауымы да үлес қосып жатқанын жеткізді.

Көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады. Сондықтан мен еліміздегі барша ұстазға шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұстаздық еткен әр адамның ерен еңбегі зор құрметке лайық деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында ұстаз еңбегінің қоғам мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарға үндеу жасап, білім саласындағы басты міндетті атады. Президент ұстаз мәртебесі, мектеп құрылысы және жасанды интеллектке қатысты маңызды мәселелерге тоқталып, Үкіметке нақты міндет жүктеді.

Президент ұстаздар үшін жасанды интеллектінің пайдасын айтты. Мемлекет басшысы жаңа технология мұғалімдерді артық жұмыстан босатып, оқушылармен жұмыс істеуге көбірек уақыт беретін құралға айналуы тиіс екенін айтты.

Тағы оқи отырыңыз: Тоқаев: «Кітап оқу – жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан»