ӘЧ. Жәмилә жартылай финалда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Норвегияның Осло қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Бүгін бозкілемге шыққан қазақстандық балуандардың нәтижесі анықталды.
57 килода Нилуфар Райымова алғашқы айналымда германиялық Елена Хайке Брюггерді 6:2 есебімен ұтқанымен, келесі айналымда үндістандық Аншу Аншудан (5:15) жеңіліп қалды.
Өкінішке қарай, 59 келіде өнер көрсететін Диана Қаюмова да 1/8 кезеңде жапониялық Аки Ханайға (4:7) қарсылық таныта алмады.
Ал әлем чемпионатын ширек финалдан бастаған 72 килодағы Жәмила Бақбергенова франциялық Синтия Ванесса Весканнан басым түсті. Негізі жекпе-жек 10:10 есебімен тең аяқталған. Қазақстандық балуан алғаш болып ұпай алғандықтан жартылай финалға жолдама алды. Енді ол түркиялық спортшымен күш сынасады.