ӘЧ-2022: Канада құрамасы Бельгиядан жеңіліп қалды
Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында F тобында Бельгия мен Канада құрамалары шеберлік байқасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
F тобында 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хорватия алғашқы ойынында Мароккомен тең ойнағандықтан, жанкүйерлер тағы бір фаворит – Бельгияға көз тіккен еді. Бұдан төрт жыл бұрын қола жүлдегер атанған Роберто Мартинес шәкірттерінің дүниежүзілік додада топ жаруды армандайтыны анық.
Канадалықтар 1986 жылы ғана әлемдік додаға бір-ақ рет қатысқанымен, қарсыластарының қақпасына гол соға алмай кеткен еді.
Бельгия мен Канада бұған дейін 1989 жылы кездесіп, еуропалықтар 2:0 есебімен жеңген болатын.
Бұл жолы канадалықтар еш қаймықпастан шабуылға көшті. 9-минутта бельгиялық Янник Карраско өз айып алаңында қолмен ойнағаннан кейін 11 метрлік пенальти белгіленді. Алайда Канаданың жарық жұлдызы, «Бавария» (Мюнхен) клубының қорғаушысы Алфонсе Девистің тепкен добын Тибо Куртуа өз қақпасына дарытпады. Сөйтіп А.Девис Канаданың әлем чемпионатындағы алғашқы голын соғатын мүмкіндікті пайдалана алмады.
Есесіне 44-минутта Тоби Алдервейрелдтің алыстан берген пасын керемет пайдаланған Миши Батшуайи Бельгия құрамасын алға шығарды – 1:0.
Екінші кезеңде канадалықтар қанша тырысқанымен, бельгиялықтар қорғанысы сыр бере қойған жоқ.
Осылайша, F тобында Бельгия үш ұпаймен көш бастады. 27 қараша күні Бельгия – Марокко және Хорватия – Канада құрамалары таласқа түседі.