Абзал Құспан бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысты қолдады

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, бұл бастама – қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатқан және бүгінгі күннің өзекті қажеттіліктеріне жауап беретін маңызды қадам, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бір палаталы Парламент туралы әңгіме бұған дейін де айтылып жүрген. Бұл – Конституцияға енгізілетін реформа. Жолдауға дейін де мен бірнеше сұқбат бердім. Барлық сұқбатымда Конституцияға өзгеріс енгізуден қорқудың қажеті жоқ екенін айтып келемін. Өйткені бұл – заман талабы, қажеттілік, – деді депутат.

Абзал Құспан алдағы бір жыл ішінде осы бағытта ауқымды дайындық жұмыстары басталатынын атап өтті. Бұл реформаны жүзеге асыру 2027 жылға дейінгі кезеңде жоспарланып отыр.

Меніңше, шешім қабылдау үдерісі жылдамырақ әрі тиімді болады. Біз секілді шағын республика үшін екі палаталы Парламент жүйесі артық. Бұл мәселені заңгер ретінде түрлі алаңдарда талай мәрте айтып келемін. Сондықтан мен бұл реформаны толық қолдаймын, – деді ол.

Депутаттар саны қанша болуы керек?

Халық қалаулысы депутаттар санын өңірлердегі халық санына сай есептеу қажет екенін айтты.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысында халық саны миллионға жетпейді. Сондықтан 3-4 депутат жеткілікті деп ойлаймын. Жалпы еліміздегі 20 миллион халықтың мәселесі ескерілетіндей жағдай жасалуы керек. Орташа есеппен әр 500 мың адамға 1-2 депутаттан келуі тиіс. Бұл – менің жеке ұсынысым, – деді Құспан.

Сонымен қатар, ол бұл мәселені жан-жақты қарастыру қажеттігін айтып, нақты санды анықтау үшін қосымша зерттеулер мен есептеулер қажет екенін жеткізді.

Бұған дейін Қазақстанда бір палаталы Парламент құрылуы мүмкін екенін жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы