Абзал Әжіғалиев шорт-тректен әлем кубогі кезеңінің күміс жүлдегері атанды
Қазақстандық Абзал Әжіғалиев шорт-тректен АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтіп жатқан әлем кубогі кезеңінде күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстандық шорт-трекші 500 метр қашықтықта жүлдегерлер қатарынан көрінді.
А финалында Абзал Әжіғалиев олимпиада чемпионы, канадалық Максим Лауннан кейін мәре сызығын екінші болып қиды. Тағы бір олимпиада чемпионы, кореялық Ли Джон Су үздік үштікке ілікті.
Бұл – биылғы әлем кубогіндегі Қазақстан құрамасының (бас бапкері – Орал шорт-трегінің түлегі Нұрберген Жұмағазиев) екінші медалі. Осыдан бір апта бұрын Канаданың Монреаль қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде Қазақстан ерлер құрамасы 5 мың метрлік эстафеталық жарыста күміс жүлдегер атанған еді.
Солт-Лейк-Ситидегі әлем кубогі кезеңі 6 қараша күні де жалғасады.
Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан А.Әжіғалиев 2016 жылы осы Солт-Лейк-Ситиде 500 метр қашықтықта қазақстандықтар арасынан алғаш рет әлем кубогі кезеңінің чемпионы атанған болатын.