Абылайхан Жүсіпов Софияда өткен турнирде күміс медаль алды
Астана, BAQ.KZ. Қарағандылық боксшы Абылайхан Жүсіпов Болгария астанасында өткен «Странджа» беделді xалықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Қарағандылық спортшы 69 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Сайыстың бірінші күнінде ол рингте АҚШ өкілі Фройдис Рохаспен жұдырықтасты. Жекпе-жек 4:1 есебімен, жерлесіміздің жеңісімен аяқталды.
Жартылай финалда Абылайдың қарсыласы украиндық Евгений Барабанов болды. Бұл жекпе-жекте біздің боксшымыз қолын жарақаттап алды. Сондықтан бапкерлер штабы оны финалдық шайқастан алып тастау туралы шешім қабылдады. Онда Абылай Өзбекстаннан келген спортшымен жұдырықтасуы тиіс болатын. Осылайша, Абылайхан Жүсіпов турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Ол – 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарына лицензия алуға ең басты үміткерлердің бірі.
«Странджа» турнирі Софияда ақпанның 14-і мен 19-ы арслығында өтті. 16 елден келген боксшылар оның жүлдегері атанды. Қазақстандық құрама бес күміс медальды қоржынына салып, қорытынды есепте алтыншы орынды иеленді. Жүлдегерлер қатарында: Теміртас Жүсіпов (49 кг), Закир Сафиуллин (60 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Санатәлі Төлтаев (64 кг) және Василий Левит (91 кг).