«Абылай хан резиденциясы» – Тобыл өңірінде
Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Петропавл қаласындағы «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің көшпелі көрмесі Қостанайға келді. Ы.Алтынсариннің мемориалды музейінде «Ордасы ұлы Абылайдың» деген атпен қойылған көрменің салтанатты ашылуына өңірдегі тарихшы ғалымдар мен қаламгерлер қатысты.
Өткен жылы екі музейдің басшылығы әріптестік байланыс орнату мақсатында меморандумға қол қойған болатын. Көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдығына арналды.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов іс-шараны өңірдегі елеулі оқиғалардың бірі деп атап өтті.
«Көрмеміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдығымен тұспа-тұс келіп, қостанайлықтардың құшақ жая қарсы алғаны бізді ерекше қуантты. Біздің мұражай кешенді 2008 жылы 21 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашып берген еді. Міне, содан бері он жылдан астам уақыт зымырады. Бүгін, осы өңірге отыздан астам жәдігер әкеліп отырмыз», - деді «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің директоры Аян Садаев.
Көрмеге қойылған экспонаттар арасында Есіл ауданы, Көктерек ауылының тумасы Қазыбек (Тышқан) батыр ұстаған найзаның ұшы, Абылай хан туралы кітаптар, Ресей үкіметіне жазған хаттары және көне тұрмыстық заттар бар. Сондай-ақ, мұражай кешені аумағында орналасқан Абылай хан ескерткішінің шағын нұсқасы әкелінген.
«Ескерткіштің негізгі биіктігі 5 метрден асады. Жалпы салмағы - 88 тонна. Хан сұлбасы 7 тонна болса, қоңыр түсті граниті 81 тонна. Авторы - Қазыбек Сатыбалдин. Мөрінің нұсқасын да әкелдік. Жалпы, «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінде 600-ден астам жәдігер бар», - деді музейдің экскурсия жүргізушісі Назгүл Бейсембина.
Көрме Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалды музейінде бір ай бойы тұрады.