Президент Abu Dhabi Plaza кешенін салған компания басшыларымен кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Aldar Properties компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әл Мүбәракпен және Abu Dhabi Global Market (ADGM) еркін экономикалық аймағы Директорлар кеңесінің төрағасы Ахмед Әли Әл Сайихпен кездесу өткізді.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мұхаммед Әл Мүбәрак Қасым-Жомарт Тоқаевқа аталған компанияның іске асырып жатқан Abu Dhabi Plaza жобасының қазіргі жағдайы, Нұр-Сұлтан қаласындағы көпфункционалды кешеннің құрылысын белгіленген уақытта аяқтау үшін атқарылып жатқан қосымша жұмыстар туралы баяндады.

Қазақстан президенті еліміздегі ең ірі құрылыс нысандарының бірі саналатын жобаның уақытылы аяқталып, халық игілігіне берілетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы әңгімелесу барысында туризм индустриясындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда басымдыққа ие он туристік бағыттың анықталғанын атап өтіп, оларды әлемдік деңгейдегі барлық қажетті туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты.  

Оның айтуынша, аталған салаға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары, оның ішінде, салықтық жеңілдіктер, базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.


 



Сондай-ақ, Қазақстан президенті Abu Dhabi Global Market (ADGM) еркін экономикалық аймағы Директорлар кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік министр Ахмед Әли Әл Сайихпен кездесу өткізді.

 



Кездесуде тараптар Абу Даби еркін экономикалық аймағының "Астана" халықаралық қаржы орталығымен бірлескен жобаларының жүзеге асырылуы жайында әңгімелесті. Ахмед Әли Әл Сайихтың айтуынша, өзара ынтымақтастықты дамыту жөнінде нақты жоспарлары бар.

 



 

Мемлекет басшысы Abu Dhabi Global Market еркін экономикалық аймағының елімізде атқарып жатқан жұмысына ризашылық білдіріп, қаржы нарығын реттеу саласындағы ықпалдастықты нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы