Абу-Дабиде Украина бойынша екі күндік консультациялар аяқталды
Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ арасындағы үшжақты консультациялардың екінші күні аяқталды. Алайда тараптар ресми мәлімдеме жасаған жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Reuters агенттігіне сілтеме жасаған дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, келіссөздер сенбі күні қайта жалғасып, әртүрлі форматта өткен. Ресейдің ТАСС агенттігі кездесулер бірнеше сағатқа созылғанын нақтылағанымен, талқылаудың мазмұны ашық жарияланбаған.
РИА Новости мен Украинаның қоғамдық хабар тарату арнасы Suspilne секілді ресейлік және украиндық БАҚ-тың мәліметінше, келіссөздердің екінші раунды шамамен үш сағатқа созылған. Нәтижесінде тараптардың ешқайсысы ресми коммюнике таратпады.
Украина делегациясының жетекшісі Рустем Умеровтің баспасөз хатшысы Диана Давитян сенбі күні консультациялардың екінші раунды аяқталғанын растады. Бұған дейін ресейлік ресми ақпарат агенттіктері Ресей делегациясы қонақүйге оралғанын, ал америкалық тарап Абу-Дабиден кеткенін айтқан.
Бұған дейін Рустем Умеров талқылаулар қақтығысты аяқтаудың параметрлеріне және алдағы келіссөздер үдерісінің логикасына бағытталғанын алға тартқан. Ал Украина Президенті Владимир Зеленский консультация барысына пікір білдіре отырып, аумақ мәселесі басты тақырып болып қала беретінін атап, қақтығысты аяқтау үшін тараптардың өзара дайын болуы маңызды екенін жеткізді.
Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі Ресей мен Украина делегациялары арасындағы тікелей өзара әрекеттесу конструктивті әрі оң атмосферада өткенін мәлімдеді. Reuters дерегінше, келіссөздер АҚШ бұрын ұсынған бейбіт ұсыныстың жекелеген элементтеріне қатысты болған.
Мәскеу де диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді. ТАСС сілтеме жасаған дереккөз Абу-Дабидегі консультациялар белгілі бір нәтижелер бергенін айтқанымен, оның мән-жайын нақтыламады.
Ал америкалық-израильдік журналист Барак Равидтің ақпараты бойынша, украин тарап Абу-Дабиде өткен үшжақты консультацияларды оң әрі конструктивті деп бағалаған.
Оның мәліметінше, дәл осы форматтағы келесі кездесу Абу-Дабиде келесі аптада өтуі мүмкін.