Әлеуметтік желіде отырып-ақ Әбілязовтың қақпанына түсіп қалу қаупі бар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 7,5 млрд доллар ақшаны Мұхтар Әбілязов өзі басқарған банктен алып, қалтасына басып қашқан. Бұл ресми дерек. Бұл және басқа да Әбілязовтің құйтырқы әрекеттері жайлы "Qazaqstan" ұлттық арнасындағы "Masele" бағдарламасында айтылды.
Тек 2008 жылдың өзінде банктен 226 мың адамның 238 млрд теңге көлеміндегі ақшалай салымы; шағын және орта кәсіпке салынған 44 мың салымшының 397 млрд теңге қаржысы; 1 млн қазақстандықтың 21 млрд теңге көлеміндегі жалақысы; мемлекеттік компанияның 300 млрд теңге көлеміндегі депозиті ұрланған. Бұған қоса 11 млрд теңгені құраған 9 зейнетақы қорының қаржысы да қолды болған.
Тергеу амалдарының нәтижесінде Әбілязов және оның жақтастары қаржыны банктен латвиялақ "Траста комерцбанк" арқылы алып шыққан. Артынша ақша айналымы толықтай аяқталып болған соң, Ұлыбританияға ізін суытқан.
"Ұлыбританияның жоғарғы соты банктен 4,8 млрд АҚШ доллары ұрланғанын дәлелдеді. 2011 жылы Әбілязов Ұлыбританиядан саяси баспана алған. Ал 2009 жылы Ұлыбританияның жоғарғы соты талаптарға сәйкес оның бүкіл әлемдегі активтерін бұғаттады", - деді экономист Рахым Ошақбаев.
Сол кездегі елдегі ең беделді банктің қаражатына ол қалай қол жеткізді?
"Бұл жерде өте қарапайым тәсілдер қолданылды. Үлескер компанияны кепілсіз несиелендіру мен офшорлық компанияларды несиелендіру негізге алынды. Яғни бұл қайтарымсыз несиелер. Бұл компаниялар тиісінше үлескерлер атына рәсімделген. Бұл бойынша есеп-қисаптың мүлтіксіз жүріп жатқанын көрсету үшін бастапқыда ақшаның бір бөлігі акционерлік капитал ретінде қайтарылып отырған", - деп атап өтті Рахым Ошақбаев.
Ал кейін қайтарым тоқтатылды. Демек бұл жерде қаражатты жымқыру үшін қылмыскер банктегі ақшаны белгілі бір компанияға қарызға берген. Ал қарыз алушы оны акционер ретінде қайтадан банкке салған. Ал бұл жердегі қарыз беруші де, қарыз алушы да бір адам. Ол - Мұхтар Әбілязов. Осы арқылы ол жеке капиталын өсіріп, инвесторлардың да, салымшылардың да қаржысын қалтаға басқан.
"Жекешелендіру кезінен бері Әбілязов банк акционері болып келді. Мұны өзі жасырмады. Қазақстандағы және ТМД-дағы табысты кәсіпкер ретінде ол банкке жүргізген операцияларын банк пайдасы үшін шетелден инвесторларды тарту үшін жасағанын айтып, дәйек келтіретін. Әрине, бұл жерде банк ресурсын жеке инвестициялық жобалар үшін де қолданған. Себебін түсіндіруде бұл істі банк қаржысын молайту бағытында жасалып жатқанын айтты. Түптің-түбінде банк мұндай жағдайға түседі деп ешкім ойламады", - деді БТА банкінің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш (2005-2007 жж).
"БТА" банкінің бұрынғы қызметкері Ержан Кадесов те Әбілязовтің қулық-сұмдықтарының қатысушысына айналғанын айтып өтті.
"Мен негізінен энергетикалық жобалар бойынша жұмыс істедім. Қаласам да қаламасам да, оның қулық-сұмдықтарының қатысушысына айналдым. Толықтай болмасам да оның кей бөліктерін жүзеге асыруға араластым. Егер мен сол кезде жұмысымның мұндай қылмысқа алып келетінін білгенде, мен ғана емес, банктің қызметкерлерінің басым бөлігі онымен жұмыс істемейтін едік", - деді Ержан Кадесов.
Ұрының айласына түскен адамдар енді өкініп отыр, өйткені Әбілязов оларды да қылмыскер ретінде көрсеткен.
"Мәселені анықтау үшін бұл іспен бірнеше топ жұмыс істеді. Қазақстандық, Мәскеудің, Киевтің тергеушілері банкке келтірілген шығынды анықтауға тырысты. Біз бұл істе көптеген адамның қатысы бар екенін бірден түсіндік. Мәселен, басқарма төрағасы Солодченко сол кезде барлық құжаттарға қол қойғанда ол жерде ақшаның банкке қайтарылмайтындығын қалай білмеген?", - деді адвокат Роман Марченко.
7,5 млрд доллардың қолды болуы бір мекемені ғана емес, тұтас мемлекеттің экономикасын да шайқалтып тастады. Қазақстан дағдарыс алдында тұрды. Салымшылардың қарызын қайтару үшін Ұлттық банк оларға төмен пайызбен несиелер ұсына бастады.
"Мемлекет экономикасын дағдарысқа ұшыратты. Сол кезде банк жүйесіне қарызды қайтаруға жұмсалған бұл ақшаға мұғалімдердің жалақысын көтеріп, мектеп, аурухана салып, инфрақұрылымды жүзеге асыруға жұмсауға болатын еді. 4 жыл бойы Әбілязов "Ұлттық банк" пен Қаржылық бақылаудың көзінше банктің қаржысын иемденіп отырғанда олар қайда қарап отырды? Не олардың біліктілігі төмен, не олар қылмыскермен үлесте отырған. Бұған қалай жол берген?", - деді Рахым Ошақбаев.
Адвокат Марченконың сөзіне сенсек, Әбілязов ұрланған ақшаның 1,5 млрд долларын банкке қайтарған. Қалған сома сол күйі жоқ болған.
"Қазір Әбілязовтің тобы ұрланған ақшаны заңдастыруға көшті. Бүкіл әлем бойынша активтерді алып, кейін оларды сатып, содан пайда жасап отыр. Яғни Қазақстаннан ұрланған ақшаны емес, саудадан түсірген пайда деп көрсету үшін. Біздің заңгерлер тобы көптеген активті қайтарды. Біздің мақсатымыз қолды болған қаржыны елге толықтай қайтару. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз", - деді Роман Марченко.
Еліне жаны ашитын адам, қарапайым халықты бір-біріне айдап салушы ма еді...? Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін қамалған қандастың көзжасын кім құрғатады?
Мұхтар Әбілязов болсын, халықтың ақшасын жеп қашқан адамдардың мақсаты біреу – елді бір-біріне айдап салып, әлсірету. Әбілязовтің өзі шетелде жазадан қашып жүрсе де, 2017 жылы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" деп аталатын ұйымды қайта құратынын әлеуметтік желіде жариялады. Оның мақсатын билік білгенімен, халық бұл жайында бейхабар еді.
"Жалпы ДВК деген ұйым жастар арасында Telegram тessenger-і арқылы тарап жатыр. Өйткені оның құрығы өте кең. Үгіт жүргізетін парақтары қоғамдық бірлестік секілді шықты. Әлеуметтік жағдайды жақсартамыз, мұғалімдердің жағдайын көтереміз, зейнетақысын көтереміз деді. Сол кезде көп жастар бұны мемлекеттің жанынан құрылған қоғамдық бірлестік деп ойлады", - дейді Қызылорда тұрғыны Нұрқожа Үсенов.
Әбілязов алдымен әлеуметтік желіні желіктірді. Жалған ұрандармен шықты. Мұның барлығы медиа психологиясы дамымаған қоғамға кері әсер етпей қоймады. Желіде арнайы топтар құрылды. Жақтастар жинады. Сол топтардың ішінде Нұрқожа Үсенов те болған.
"Сол кезде ол жерде шынайы ешқандай ат жоқ. Барлығы жалған, фейк атау. Наурыз айында олар өздерінің акцияға шығатындықтары туралы айтты. Сол сәтте бір қызығушылық болды. Ал олардың негізгі мақсаты халық пен билік арасында хаус жасау екен", - деді ол.
Әбілязов халықты алаңға шығуға күн сайын шақырды. Ол үшін түрлі амал қолданды.
"Менің ойымша, ол тақыр жерде небір ұрандарды шығарып жатқан жоқ. Ол елдегі түрлі жағдайларды пайдаланып жатыр. Бұл әлеуметтік мәселелер, жұмыссыз жүрген адамдар. Соларды сылтау етіп пайдаланады. Мен елде дүрбелең болғанын қаламаймын. Сол себепті бұл теріс іске қарсымын", - деді БТА банкінің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш.
Дегемен билік бұл мәселені жіті қадағалап отыр. Уақытында алдын алу мемлекеттің міндеті. Әбілязовтің қозғалысы құзырлы органдардың бақылауында.
"Әбілязов" Қазақстанның демократиялық таңдауы" атынан әлеуметтік желіде белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Өз жарияланымдарында ол азаматтарды "ҚДТ" құрамына қосылуға шақырады. Қазіргі биліктің жайсыз бейнесін қолдан жасап көрсеткісі келеді. Азаматтарды мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға қарсы қойып, әлеуметтік алауыздықты тудырғысы келеді. Кешенді түрде жүргізілген талдау көрсетіп отырғандай, ол жоспарлы әрі мақсатты түрде азаматтарды билікке қарсы белсенді әрекет етуге үндеп, осылайша әлеуметтік алауыздықты тудыруды мақсатқа жетудің, билікті күшпен басып алып, Конституциялық құрылымды өзгертудің амалы ретінде қарастыруда. Аталмыш ұйғарым сот сараптамасымен расталды", - деді ҚР Бас прокуратурасының Қоғамдық мүддені қорғау қызметі басшысының орынбасары Анна Жданова.
Былтырғы 13 наурызда Бас прокуратура төмендегідей тыйым жариялады.
"Наразылық акциялардың бейбітшілігі туралы айтса да, қозғалыс басшысы Мұхтар Әбілязов пен оның белсенділерімен қауымдастық мақсаты билікті құлатып, басып алу болып табылады. Бұл әрекеттер экстремизмге қарсы тұру әрекеттері туралы заң бойынша саяси экстремизм болып саналады. Және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қылмыс ретінде қудаланады. Осыған байланысты Бас прокуратура туралы заңмен көзделген өкілеттіктерін іске асырып, сотқа қозғалысты экстремистік ұйым деп тану туралы арызбен жүгінді. Есіл аудандық сотының шешімімен аталған арыз толық көлемде қанағаттандырылды. Сот қозғалыстың әрекеті экстремистік деп танып, оған ҚР-ның барлық аумағында тыйым салынды", - деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова.
Әлеуметтік желіде отырып-ақ Әбілязовтің қақпанына түсіп қалу қаупі бар. Оның бұрынғы әріптестері де оның қақпанына аңдамай түсіп қалғанын айтады.
"2011 жылдан мен Ресей Федерациясының азаматымын. Кетіп қалып азаматтық алдым. Бұл жақтағы жағдайдан аса хабардар емеспін. "Қазақстанның демоктратиялық таңдауы" секілді ұйымдар елді митингке шақырып жүргенін естідім. Бұл ретте айтарым, егер бұл істің артында Әбілязов тұрса, оған еруге болмайды. Өз қарамағындағы адамдарға бұлай істеген адам қарапайым халыққа да қалағанын істейді ", - деді "БТА" банкінің бұрынғы заңгері Максим Хаблов.
Бас прокуратура сот шешімінен кейін "ҚДТ" экстремистік ұйымының әрекетіне қатысқаны және қаржыландырылғаны үшін Қылмыстық кодекстің 182, 258 және 405-баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қатысу әрекеттеріне қылмыстық идеяны насихаттау, оның жарияланымдарын, парақшаларын, пікірлерін басқа да ақпараттық материалдарын шығару, көбейту және тарату жатады. Сонымен қатар, қоғамға қауіпті деген ұйымның қатарында болу деген анықтамаға қозғалысты және оның басшысы Әбілязовті қолдауға митингтерді және басқа да жаппай іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу кіреді.
"Мен саясаттан, тіпті өз саламнан аулақ кеткен адаммын. Қазақстанның беталысы, даму бағыты дұрыс. Ал митингтер мен басқа да келеңсіздіктер дамуға кедергі келтіреді. Егер адам бір нәрсені дәлелдегісі келсе, мемлекет рұқсат еткен тетіктермен заң жүзінде істесін", - деді "БТА" банкі АҚ дирекциясының бұрынғы директоры Валерий Налобин.
Экстремистік деп танылған ұйымның түпкі мақсаты - іріткі салу. Ол мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбақ емес. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да өз ойын айтты.
"Әбілязов ішіне қан қатып қалған адам. Ол кегін алу үшін ештеңеден аянбайды. Ол өзі де "Қазақстанға әсер ету үшін Қырғыздың революциясын мен жасадым" деп айтқан. Сонда қанша сынған тағдырларды, осы күнәсін мойнына алып отырған адамнан жақсылық күтіп отырған ағайынға мен таңғаламын. Әрине қыжыл бар, несиесін жаба алмай отырғандар бар. Үйін-күйін, жағдайын жасағысы келіп отырған елдер бар. Бірақ ол Әбілязовтің айтағымен шешілмейді", - деді Бекболат Тілеухан.
Заңнамаға сәйкес экстремистік топтың әрекетіне қатысуды өз еркімен тоқтатқан адам, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
"Менің замандастарым, алданып қалмаңыздар. ДВК - бос әурешілік. Әбілязовтің жағдайды жақсартамын, жастарды қолдаймын, ДВК белсендісінің әрбіріне 10 мың доллардан беремін дегеніне сенбеңіздер. Оның бәрі жалған, оған менің көзім жетті", - деп ағынан жарылды Орал қаласының тұрғыны Наурызбек Тұрлыбеков.
Әбілязов жалпының мәселесін айтқанымен, өзінің ғана мүддесін ойлайды. Оның мақсаты халықтың "қолымен" биліктің "бүйірінен" соққы жасау.
Мұның барлығын оның жанында кезінде бірге жүрген адамдар айтып отыр. Бұдан бөлек қашып жүрген экс-банкирдің адам өлтіргені туралы ақпарат та бар.
"Мен, Мұратхан Тоқмәди, жағдайым жақсы, денсаулығым да жақсы. 2004 жылы Әбілязовтің тапсырысымен Ержан Тәтішевті өлтіргенім үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылдым. Кінәмді мойындаймын, сотта да растадым. 8 наурызда қашып кетпекші болдым. Алайда мені құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстады. Уақытша ұстау изоляторына жеткізілдім. Кінәмды мойындаймын және қателік болды деп санаймын", - деді Мұратхан Тоқмәди.
Неге экс-банкирді Еуропадан алдыртып, жазасын бермейміз? Мұны жүзеге асыратын құжаттар қашан дайын болады?
2004 жылдың 19 желтоқсанында "Тұран Әлем" банкінің қожайыны Ержан Тәтішев Жамбыл облысында аңшылық кезінде мерт болды. Сол сәтте жанындағы серіктесі Мұратхан Тоқмәди абайсызда атып алдым деп ақталды. Сот мұны жазатайым оқиға деп танып, кәсіпкерді бір жылға соттаған еді.
Алайда "Шыны королі" атанып кеткен Тоқмәди 13 жылдан кейін банкирді Мұхтар Әбілязовтің тапсырысымен өлтірдім деп кінәсін мойындады. Достардың арасындағы кикілжіңді Әбілязов ұтымды пайдаланыпты.
Тәтішевтің өлімі Әбілязовтің өмірін түбегейлі өзгертті. Түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан ол, "Тұран Әлем" банкінің басшылығына келді. Оның көздегені де осы.
"Тәтішев өте сауатты мықты банкир, егер соны алса, бас акционер Әбілязов ойына келгенін істейтінін білді. Бүкіл схемаларды содан кейін жасады. Ол 2004 жылдан бастап, 2009 жылға дейін, яғни 5 жылдың ішінде Қазақстан банкінен 7,5 млрд доллар ақшаны шығарып алып кеткен. Сондықтан Тәтішев кедергі болғаннан кейін оны өлтіртті. 4 млн доллар берем деп істеткен нәрсесі. Бірақ Тоқмәди 4 млн түгел алған жоқ. Оны да алдап кетті", - деді ҚР Заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай.
Тоқмәдиді сот 10,5 жылға соттады. Ал тапсырыс беруші Әбілязовтің ісіне қатысты 60 адамнан жауап алынып, экс-банкирге сырттай үкім шығарылды.
"Мұхтар Әбілязовті ҚР Қылмыстық кодексінің 1997 жылғы редакциясындағы 28-бабаның 3-бөлігі, 96-бабының 2-пункті бойынша айыпты деп танып, осы бап бойынша өмір бойы бас бостандығынан айырды" , - деді Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кенжеғали Кенжебеков.
Бірақ үкім шыққанымен, қылмыскер не себепті әлі күнге дейін бостандықта жүр?
Мамандардың сөзінше, Қазақстан Еуропа елдерімен құқықтық көмек және қылмыскерді қайтару туралы келісімнің жоқтығы қолбайлау болып отыр.
"Қазақстан Еуропа кеңесіне кірмейді. Өйткені Еуропа кеңесіне кірмегені, біз Азияға да Еуропаға да жататын мемлекетпіз. Франция қазір шарт болмағаннан кейін ешкімді бермейді. Болашақта шарт болса, сонда ғана береді. Бұл жөнінде үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Сонда ғана құқық саласындағы шарттар орындалады", - дейді заңгер Марат Башимов.
Әбілязовті Францияда 2013 жылы ұстады. 2014 жылы қаңтарда төменгі инстанциялық соты экс-банкирді экстрадициялау туралы үкім шығарды. Алайда сәуірде бұл үкімді кассациялық сот негізсіз деп тапты. Екеуара келісім бола тұра, Францияның мемлекеттік кеңесі оны Ресейге экстрадициялаудан бас тартты.
"Ресейге олар бермейді, себебі Ресеймен олардың қанша келісімі болғанымен, оған беретін болса, ол өзінің қажеттілігін ары қарай орындай алмай қалады. Сондықтан оны міндетті түрде ұстап отырады. Өзінің кілті, өзінің құралы. Біздің есікті ашып беретін, біздің ресурсқа кіретін өзінің күші", - дейді заңгер Ғазизат Имақова.
Әбілязовке Қазақстан, Ресей және Украинада 11 бап бойынша айып тағылуда. Ал "БТА" банктің талап-арызы бойынша, экс-басшысына Англияда да азаматтық іс қозғалды. Лондонда Әбілязов сотқа істің саяси астары бар екенін дәлелдеуге тырысты. Бірақ одан ештеңе шықпады. Британиялық фемида өкілдері оның қулығын бірден білді.
"Істі қарап жатқан кезде Әбілязов әркет жасайды. Англия банкіндегі ақшаларды басқа жаққа аударуға тырысады. Соны білген Лондонның соты оны алаяқ деп жариялап, сотқа қатыстырмай қояды. Шешімді онсыз шығарады. Сондықтан ол елде таза адам болып саналмайды. Англияда да қылмыскер. Ол жаққа кіре алмайды, кірсе, бірден ұстайды", - деді ҚР Заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай.
Қашқын олигархты тек елімізде күтіп отырған жоқ. Британиялық зейнеткерлер де оның құрбаны болып отыр. Батыста оны ең ірі қаржылық пирамида жасағандардың бірі Бернард Мейдоффтың есімімен атайды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мұхтар Әбілязов ісі бойынша сот 2020 жылы Нью-Йоркте өтуі мүмкін. Сондай-ақ, Мұхтар Әбілязов Қазақстанға қанша ақша қарыз екенін айтқан едік.