Әбіш өз заманының озық жазушысы бола білді - Оңайша Мандоки
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шара "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Шара барысында жазушының өмірі мен туындылары төңірегінде тақырыптар қозғалды.
Өз заманында Әбіш Кекілбаев қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына зор үлес қосып, Шекспир, Чехов, Толстой шығармаларын қазақ тіліне аударған. Сәйкесінше, оның туындылары да әлемнің көптеген тіліне аударылды.
Мен өмірде жолым болған адаммын, өйткені, Әбіштей заңғар тұлғаны жеке таныдым. Оның бірнеше шығармасын жолдасым екеуміз мажар тіліне аударған болатынбыз. Әбіштің жазу шеберлігіне шығармасы жазылған кітаптардың әр парағы дәлел бола алады. Ол өз заманының озық жазушысы бола білді, - дейді Будапешттегі қазақ диаспорасының төрағасы Оңайша Мандоки.
Айта кетейік, республикалық ғылыми-практикалық конференцияға белгілі профессорлар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен журналистер қатысты.