Нұртай Әбіқаев: Президенттік институт - тәуелсіздік тұғыры

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қазақстан Республикасындағы президенттік институттың қалыптасқанына 30 жыл. Осыған орай мемлекетіміздің іргетасын ұлт лидері - Елбасымен бірге қаласқан белгілі мемлекет қайраткері, "Отандастар қоры" КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев пікір білдірген еді.

Қазақстандағы президенттік институт, оның құрылу тарихы мен қызметі, Тұңғыш Президент, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы қысқаша айту мүмкін емес екенін тілге тиек еткен ол, бұл бағытта көптеген ғылыми, саяси зерттеулер жасалып, жарияланымдар жазылып қойғанын айтады.

Нұртай Әбіқаев Елбасының көптеген жарияланымдарының арасында 2009 жылы америкалық "Геральд трибюн" ("International Herald Tribune", қазір ол басылым "Интернешнл Нью-Йорк Таймс" деп аталады) халықаралық газетінде жарияланған "Жауапкершілік жүгі" атты мақаласына ерекше тоқталды.

Мақалада валюталардың жаңа класын құру туралы айтылғанмен, іс жүзінде бұл жаңа деструктивті әлемнің контурын құруды бастау туралы 10 жыл бұрын нақты тұжырымдалған ұсыныс. Мұндағы негізгі сөз - "жауапкершілік". Тұлғаға, жетекшіге, көшбасшыға тән дәл осы қасиет Нұрсұлтан Әбішұлының қайда, не қызмет істесе де үнемі бойынан табылды. 1990 жылдың 24 сәуірінде президенттік қызмет құрылып, оған сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Нұрсұлтан Әбішұлын сайлағаны барлығымыздың есімізде. Ол сол уақыттың өзінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы ретінде республика басшысы болған. Ол кезде бүкіл кеңестік держава және КОКП Орталық Комитеті басқаратын әкімшілдік-әміршілдік жүйе көз алдымызда құлдырап жатты. Барлық республикаларда құлдырау байқалып, инфляция өршіп тұрды, кәсіпорындар тоқтап қалды, халық кедейлікке ұрынды. Барлығы қатаң бағынатын орталықта Горбачевтің және оның командасының іс-қимыл жоспары болмады, қателіктердің саны экспоненциалды түрде өскені айқын көріне бастады. Ал Кремль шынайы жағдайдан алыс болды, барлық жерде әлеуметтік жарылыс өршіп тұрды. Ақыры, 1991 жылдың тамызында Мәскеуде тамыз бүлігі орын алып, жағдайды одан сайын ушықтырды.

Саяси, экономикалық жағдай Қазақстанда да мәз емес еді. Құрамында ешқандай білімсіз, идеясыз, тіпті харизма мен халықтың сеніміне ие болмаған өршіл көшбасшылар басқаратын бір-бірімен ортақ тіл табыса алмаған түрлі саяси партиялары бар, ескірген кеңестік ережелер арқылы сайланған Жоғарғы Кеңес атанған парламенттер бірінен соң бірі өзгеріп жатты, - деп еске алды Нұртай Әбіқаев.

Мысал ретінде, 1994 жылдың наурыз айында Парламенттің таратылуына байланысты оқиғаларды келтірген Нұртай Әбіқайұлы алғашқы күннен бастап депутаттар мен атқарушы билік арасында қарама-қайшылық болғанын айтады.

Экономиканы өркендету үшін бізге елдің экономикалық әлеуетін арттыру міндеттерін атқаратын халықтың қабылдауына беймәлім бірқатар заң қажет болды. Бірақ, популистік себептермен депутаттық корпус оларға тосқауыл қойып отырды. Өзінің қысқа тарихында бұл парламент санаулы ғана заңдарды қарастырып, қабылдап үлгерді. Ол кезде азаматтық және салық кодекстерінің, банкроттық туралы, шетелдік инвестициялар туралы және тағы басқа мәселелер туралы заңдардың болмауына байланысты реформалардың жүзеге асуы қиынға соқты, бір сөзбен айтқанда, парламент тоқтап қалды және оның құрамын өзгерту маңызды еді.

Жаңа сайлауға дейін қажетті заңдарсыз уақыт жоғалтуға болмайтынын ескере отырып, Конституциялық Сот жаңа депутаттық корпус сайланғанға дейін Президентке қосымша заңнамалық өкілеттіктер берді. Уақыт көрсеткендей, бұл дұрыс қадам болды. Қысқа мерзім ішінде Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық реформаларды дамытуға бағытталған 136 жарлық шығарды. Кейіннен олардың барлығын жаңа парламент мақұлдап, Қазақстан Республикасының заңдары мәртебесін алды. Олар елдің экономикалық дамуына мықты ынталандыру болды. Бұдан Нұрсұлтан Әбішұлының өзіне асқан жауапкершілік алғанын айқын аңғаруға болады, - деді мемлекет қайраткері.

Нұртай Әбіқайұлының айтуынша, тоқсаныншы жылдардың басында дағдарысты және жалпы хаосты еңсерудің қандай да бір нақты бағдарламасын жасау қиынға соққан. Не болып жатқанын мұқият талдап, саралап болғаннан кейін, Нұрсұлтан Әбішұлы саяси батылдық танытып, бар жауапкершілікті өз мойнына алады және сол кездегі шиеленісті жағдайды жеңудің жалғыз дұрыс жоспарын жасайды.

Алғашқы қадам ретінде ол - президенттік институтқа жаңа мемлекет пен заманауи қоғам құру үшін қажетті құқықтық функциялар мен осы лауазымға заңдылық беретін бүкілхалықтық президенттік сайлау өткізуді талап етті. 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы 98,78 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Ал, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қабылданып қана қоймай, оның тікелей қатысуымен әзірленген "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заң күшіне енді. Дәл осы заң біздің мемлекетіміздің жаңа саяси және конституциялық негізде құрылуының басталуын білдірді. Қазір бірқатар саясаткерге тарихи қадам жасап, жалпыұлттық және саяси бастамалар көтеру үшін қаншалықты жауапкершілік, саяси ерік-жігер мен батылдық қажет екенін түсіну қиын шығар. Себебі дәл осы қасиеттер оны ұлт көшбасшысы етті, әлемнің әйгілі саясаткерлері мен мемлекет қайраткерлері арасына қосты, - деді ол.

Бұл орайда Нұртай Әбіқайұлы "Беловеж келісімі" шешімдерін еңсеру және ТМД құрылуы, Семей ядролық полигонының жабылуы, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету және АӨСШК құрылуы және көптеген бітімгершілік бастамалар туралы еске түсіру жеткілікті екенін айтады.

Қазақстандықтар үшін бұл - біздің тәуелсіз мемлекетіміздің құрылуы, республиканың қолданыстағы Конституциясы, жаңа әлемдік және аймақтық орталыққа айналған астананы көшіру фактісі. Бұл саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың тұтас жүйесі, олардың көпшілігі мерзімінен бұрын орындалды. Мұны - бізді қиындықтармен күресуге, алға жылжуға, жаңа уақытқа көшуге дайындаған "Назарбаев ғасыры" деп атауға болады. Енді тек елдің тұңғыш Президенті және ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көтеріп келе жатқан батылдық пен жауапкершілік жүгін көтере білу керек, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы