Әбдуақап Қара: Шетелдегі қазақ диаспорасы – Қазақстанның жұмсақ күші
Белгілі тарихшы, шоқайтанушы ғалым Әбдуақап Қара е-history.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстанның шетелдегі қазақ диаспорасына қатысты саясатында стратегиялық көзқарас жетіспейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінге дейін елдің диаспора саясаты негізінен жанашырлық сипатында болып келсе, енді ол мемлекет мүддесіне бағытталған ықпалдастыққа негізделуі тиіс.
Шетелдегі қазақтарды елге қайтарумен ғана шектелмей, оларды Қазақстанның игілігіне жұмылдыру қажет. Мәселен, бизнесмендерге жеңілдіктер, ғалымдарға университеттерде жұмыс істеуге мүмкіндік беру, жастарға білім бағдарламаларын ұсыну керек. Бұл — халықаралық беделімізді көтеретін жұмсақ күш, - деді ғалым.
Тарихшы Еуропа елдерінде тұратын қазақ жастарының ана тілін ұмыту қаупіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Германия, Франция сияқты елдерде өскен балалар қазақ тілін білмей өсіп жатыр. Бұл мәселені шешу үшін тіл курстарын ашып қана қоймай, оқушыларды Қазақстанға әкеліп, тілдік ортаға енгізу қажет.
Онлайн курстан кейін балаларды елге — Наурыз тойына, Балдәуренге немесе Түркістанға арнайы бағдарлама аясында алып келіп, ынталандыруға болады. Сонда ғана үйренген тілін сақтай алады, - деді ол.
Ғалым Түркиядағы қазақтардың өз күшімен ашқан «Қазақ елі» журналы қаржылық қиындықтан сирек шығатынын, ал мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмей отырғанын сынға алды.
Қазақстан Түркияда "Абай үйін" әлі ашқан жоқ. Ал басқа елдер мәдени-тілдік орталықтарын әлемге жайып отыр. Біз де "Гете үйі" немесе "Конфуций үйі" секілді қазақ мәдениетін насихаттайтын "Абай үйлерін" ашуымыз керек, - дейді Әбдуақап Қара.
Ол сондай-ақ Қазақстанда мемлекеттік деңгейде диаспораны қолдауға арналған нақты стратегия қабылданбаса, он жылдан кейін Еуропадағы қазақ жастары ұлттық болмысынан толық ажырауы мүмкін екенін ескертті.
Бұған дейін тарихшының Совет үкіметінің Шоқайға жапқан жаласы – тарихтағы ең ауыр жала екенін айтқанын жаздық.