Әбдіров 3 елдің ОСК төрағаларымен меморандумға қол қойды
ҚР Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына орай елордада өтіп жатқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Конференцияның ашылу салтанатынан кейін ҚР Орталық сайлау комиссиясымен Армения, Түркия, Өзбекстан Республикаларының арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Бүгінгі іс-шараға 6 халықаралық, беделді ұйымның өкілдері, 16 шет елдердің Орталық сайлау органдарының мүшелері, оның ішінде 10 төраға қатысып отыр, - деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ашылу салтанатында.
Айта кетейік, «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Конституциялық реформа мәнмәтіндегі сайлау заңнамасының эволюциясы» және «Сайлау жүйелерін дамытудың өзекті трендтері» атты екі сессияның жұмысы жоспарланған.
Іс-шара аясында «ҚР Орталық сайлау комиссиясына 30 жыл» көрмесі ұйымдастырылып, сайлау процесі мәселелері бойынша жаңа басылымдардың тұсаукесері өтеді.