Әбдіқалықова: Театрдың "Бөртемен" ашылуы тарихи жағдай
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай қасиетті Түркістан қаласында ашылған заманауи музыкалық-драма театрды Сыр жұртшылығы атынан құттықтады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен жаңғырып, жасарған киелі Түркістан шаһары Алаш арысы Мағжан Жұмабаев ақын айтқандай бүгінде «Екі дүние есігі, ер Түріктің бесігіне» айналып келеді, -дейді ол.
Сонымен қатар Гүлшара Әбдіқалықова алған әсерімен бөлісті.
Көрерменіне төрін ұсынған әсем де еңселі театр ғимараты осы сұлулықтың көркін толықтырып тұрғандай көрінсе, жаңа театр шымылдығының қазақтың тарлан жазушы-драматургі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің Бөрте жайындағы тарихи-көркем дүниесімен ашылуы онан әрі сән-салтанатқа бөлегендей болды, - дейді Қызылорда облысының әкімі.
Ол танымал актерлері мен Түркістан музыкалық-драма театрының жас драмалық және балет әртістері қатысқан қойылым көрермендерді жаулап алғанын айтты.
Спектакльді арнайы шақырылған әйгілі итальяндық театр режиссері Давиде Ливермор қойыпты. Әлемді жаулаған даңқты қолбасшы Шыңғысханның жары болған, тағдыры драма мен трагедияға толы батыл да ержүрек, әрі дана, әрі сұлу Бөртенің тағдыры баяндалады, - дейді Әбдіқалықова.Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркістандағы жаңа театрдың алғашқы маусымы "Бөрте" спектаклімен ашылғаны туралы жазғанбыз.