Әбдіғали: Сайлау – елдігіміздің сынға түсер шағы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғали елордада өтіп жатқан Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде айтты.
Халқымыз бүгін өте бір жауапты кезеңді бастан кешіп отыр. Әлемге жайылған пандемия, саяси қайшылықтар мен қаржылық қиындықтар белең алды. Мұның бәрі - біздің елге де әсер ететіні сөзсіз. Осындай шақта – отыз жылдық белесті еңсерген Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, мақсатымызды бір арнаға тоғыстыру – алдымызда тұрған ең өзекті мәселе. Қазақ елі бүгінде – ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір атаның баласындай татулық орнатқан шуақты шаңырақ. Бұл шаңырақтың діңгегін көтеріп, өз қолымен уығын қадаған Елбасымыздың - ерен еңбегі, - деді Әбдіғали.
Ол атағандай, осы жолы республика бойынша әрбір аудан, қала, облыс партия филиалдары әрбір аймақтың ерекшелігін ескеретін 216 өңірлік арнайы бағдарламасын қабылдап, ел алдында соны орындауға міндет алды.
Жаңа ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы таныстырған Партияның сайлауалды бағдарламасы – осы 216 құжаттың жиынтығы деп айтуға әбден болады. Мемлекет басшысының жақында ғана жасаған Жолдауындағы реформаларға негізделген кесек-кесек бағыттардан тұратын бұл құжат - іске асыруға ыңғайлы, барлық шығыны есептелген нақты бағдар. Маңыздысы – қарапайым азаматтарды мемлекет деңгейіндегі шешім қабылдауға және оларды жүзеге асыруға араластыру көзделген. Ауылдың тұрғыны ретінде мені бағдарламадағы «Ауқатты ауылдар» бөлімнің болғаны қатты қуантады. Өйткені ауыл - ұлтымыздың берекесі. Ауылдың өмір сапасын жақсарту дегеніміз - ең алдымен халықтың өзі жиі көтеретін - газ, ауыз су, жол, интернет пен мобильдік телефон байланысы мәселелерін шешу, - деді Берік Әбдіғали.
Берік Әбдіғали Ұлытау өңірінде этнотуризімді дамыту жұмыстары және «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы - қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.
Партия бағдарламасында - алдағы жылдары Сарайшықта, Ордабасы мен Сауранда, Берел мен Шіліктіде, Бозоқта - туристер келетін арнайы визит-орталықтары салыну жоспарланған. Сайлау – елдігіміздің сынға түсер шағы. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасында - бұл сыннан да абыроймен өтетінімізге кәміл сенемін, - деді ол.