«Абайлаңыз-балалар!» республикалық акциясы өтіп жатыр
2025 жыл – Ішкі істер министрлігі тарапынан «Профилактика жылы» деп жарияланған еді. Осыған орай елдің барлық өңірінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс Атырау облысында да қарқынды,деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атырау облысы аумағында 20 мамыр мен 19 маусым аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы өткізілуде. Бұған дейін «Абайлаңыз-балалар!» акциясы жүргізілді. Оның негізгі мақсаты-мектеп жасындағы балалардың жол жүру ережесін бұзбауы үшін олардың сауаттылығын арттыру.
Өмірлік қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру. Осы шараның негізінде құзырлы орган өкілдері білім ордаларының қабырғасына барып жол ережесіне қатысты түрлі кездесулер, дәрістер, семинар-тренингтер мен сауалнамалар өткізді.
«Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында қоғамдық көліктерде және жолаушылар қатысатын бағыттарда рейдтер ұйымдастырылып, 3400-астам құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 26 жүргізушінің мас күйінде көлік басқарғандығы, 32 автокөлік иесінің қарсы бағытқа шығып кеткені, 577 жаяу жүргіншінің белгіленбеген жерден өткендігі, сондай-ақ өзге 149 жүргізушінің де жол ережесін бұзғаны белгілі болды.
Аталған фактілер жолдағы қауіпсіздікке төнетін нақты қате екенін дәлелдеп отыр. Барлық ата-аналарды, педагогтарды, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді атсалысуға, заң талаптарына бағынуға шақырамыз. Балалар-болашағымыз. Олардың амандығы-ең басты құндылық екенін естен шығармайық,-дейді Облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қауіпсіздігін қадағалауды ұйымдастыру тобының инспекторы Айбек Әлімов.