Абайдың мерейтойы жыл соңына дейін тойланады – министрлік

Биыл еліміздің барлық өңірінде қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған 5 мыңнан аса түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасы Ерлан Дәкенов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Аталған мерейтойға арналған халықаралық және республикалық деңгейдегі жоспар бекітілген. Бұл жоспар 100-ден аса түрлі форматтағы ең ірі іс-шараларды қамтиды. Басты іс-шаралар ақынның туған жерінде – Абай облысында Абай күні аясында күні өткізіледі. Атап айтсақ, "Адамзаттың Абайы" республикалық ақындар айтысы, "Жеті қазына" республикалық байқауы, "Құнанбай" көркемфильмінің көрсетілімі, "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" халықаралық ақындар фестивалі, "Асыл сөзді іздесең Абайды оқы" республикалық жыр мүшәйрасы, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Мұхтар Әуезовтің "Абай" спектаклі, Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында "Le Songe d’Abai" концерті, "Абай оқулары" республикалық байқауы және тағы басқа ауқымды іс-шаралар өтеді, - деді комитет басшысы.

Айта кетерлігі, бүгінге дейін еліміздің барлық өңірлерінде, оқу орындарында, кітапханаларда, мәдениет мекемелерінде, ғылыми-реттеу орталықтарында бірқатар жиындар өтті.

Абай күні қарсаңында республика көлемінде ел азаматтары ұлы ақынның мұрасын, оның өлеңдерін дәріптеу бойынша түрлі керемет челлендждерге бастамашылық етіп жатқанын көріп отырмыз. Аталған челлендждерге оқушы балалардан бастап түрлі этнос өкілдері, қарапайым өнер сүйер қауым, еліміздің бірқатар белгілі мәдениет қайраткерлері, жалпы ел заматтары белсенді қатысуда. Әрине, бұл ең бірінші Абай атамызға деген үлкен кіршіксіз құрметті көрсетеді. Бұл мерейтойға арналған іс-шаралар тек 10 тамызбен шектелмей, жыл соңына дейін түрлі іс-шаралар жалғасын табатын болады, - деді Ерлан Дәкенов.

Айтуынша, жалпы елімізде ұлт руханиятының алтын қазығы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығының маңызы өте зор.

Қазақтың біртуар перзенті Абай атамыздың мерейтойын атап өту –өткенге тағзым, бүгінге бағдар, болашаққа аманат. Ұлы Абайдың сөзі мен ойлары ұрпақ санасында мәңгі жаңғырып, тәуелсіз еліміздің рухани темірқазығы болып қала береді, - деді ведомство өкілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы