Абайдың 180 жылдығы: Семейге астана мен аймақтар қандай сый жасамақ?

Алдағы жылдары Семей қаласы айтарлықтай жаңарады. Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай, семейліктер алаңдар, жаңа мектептер, спорт және мәдени нысандар түріндегі бағалы сыйларды қабылдайтын болады. Қазақ даласының ұлы перзентінің мерейтойына орай астана мен облыс орталықтары қалаға ондаған жаңа ғимарат сыйға тартады. Семей қаласында қандай әлеуметтік арман-тілектер орындалатыны туралы BAQ.KZ тілшісінің материалында.

Жыл басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында республикалық "Абайға құрмет" акциясының басталғанын жариялады. Осы дәстүр бойынша елдің барлық өңірі Абайдың мерейтойы құрметіне Семейге сый жасап, ақынның дарынына деген құрметін білдіруі тиіс.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қай өңір не сыйлайды?

Бүгінде бұл бастаманы жеті өңір қолдады. Егер барлық жоба жүзеге асса, Семейде келесідей нысандар салынады:

Маңғыстау облысынан Достық үйі;

Түркістан облысынан Көрме орталығы;

Ақтөбе облысынан Жекпе-жек сарайы;

Шығыс Қазақстан облысынан Ертістің сол жағалауындағы жағалау;

Шымкенттен Өнер мектебі;

Солтүстік Қазақстан облысынан Мемлекеттік рәміздер алаңы;

Астана бюджетінен "Жайлы мектеп".

Бұл нысандардың төртеуі қаладағы жаңа, жоспарланып жатқан "Semey Smart City" ауданына салынады. Бұл аудан солтүстік-шығыстағы қарағайлы орманның маңында орналасады. Жағалау сол жағалауда бой көтерсе, Жекпе-жек сарайы бұрынғы "Пищевик" стадионының орнында тұрғызылады, ал алып ту орнатылатын флагшток Мира аралында орналасады.

Әзірге ешбір жоба нақты жобалау сатысына өтпеген, барлық келісімдер облыстар мен Абай облысының тиісті басқармалары арасында меморандум түрінде бекітілген.

Достық үйі (Маңғыстау облысы)

Сый жасау ниетін алғаш білдірген өңір – Маңғыстау облысы. Елдің күнге бай, құмды жағалауларымен танымал өңірі Семей халқына Достық үйін тарту етпек.

Абай облысында қазіргі таңда бес Достық үйі және 46 этномәдени бірлестік бар. Бұл мекемелер этносаралық келісім мен достықты насихаттайды.

2022 жылы жаңа облыс құрылғаннан кейін Семейдегі Достық үйі бұрынғы ғимаратын әкімдікке босатуға мәжбүр болды. Қазір мекеме тар, бейімделмеген ғимаратта орналасқан. Ұлт мәдениет орталықтарының экспозициялары мен фольклорлық бұйымдар шағын бөлмелерге сыймайды, ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді.

Фото: Альбина Халел/ BAQ.KZ

Шілде айында Маңғыстау облысы басшылығы Семейге келіп, болашақ ғимаратты орналастыру орны ретінде "Semey Smart City" ауданын таңдады. Бұл жерде сондай-ақ ғалымдар үйі, медиаорталық, филармония, этнопарк, қонақүйлер мен сауда орталықтары, екі мектеп те салынбақ. Оның бірі – Астана қаржыландыратын жалпы білім беретін мектеп, екіншісі – Шымкенттен тарту ретінде Өнер мектебі.

Көрме орталығы (Түркістан облысы)

Сол ауданда Түркістан облысының қолдауымен Көрме орталығы салынбақ. Мұндай орталық еліміздің ірі қалаларында бұрыннан бар, ал Семейде бұл мәселе өзекті – көрмелер әлі күнге дейін көшеде немесе жалға алынған залдарда өткізіледі.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңа орталық қолөнершілерді, суретшілерді, кәдесый өндірушілерін бір шатыр астына біріктірмек.

Абай облысы Кәсіпкерлік басқармасының жетекшісі Айбек Рахымбековтың айтуынша, жаңа нысан форумдар, семинарлар, конференциялар өткізуге мүмкіндік береді.

Жекпе-жек сарайы (Ақтөбе облысы)

Қазақстанның ең ірі өңірлерінің бірі – Ақтөбе облысы Абайға сый ретінде Жекпе-жек сарайын тұрғызбақ. Идеяны спортшы әкім Асхат Шахаров ұсынған.

Бұл үш қабатты кешен Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Заря ықшамауданында, бұрынғы "Пищевик" стадионының орнында бой көтермек.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сарапшылардың айтуынша, Семейде республикалық жарыстар өткізуге лайық спорт нысандары жетіспейді. Абай облысының спортшылары халықаралық жарыстарда жеңістерге жетіп жүр, мысалы, қазақ күресінен үш дүркін чемпион Зарина Сәріпова, дзюдошы Ермахан Ануарбеков және басқалар.

Мемлекеттік рәміздер алаңы (СҚО)

Шілде айының басында Семейге Солтүстік Қазақстан облысы делегациясы келіп, болашақ Мемлекеттік рәміздер алаңының орнын таңдады. Бұл нысан көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жоба жүзеге асса, Мира аралына алып Қазақстан туы орнатылады.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Осы арал – табиғи оазис, тұрғындардың демалыс орны. Бұған дейін мұнда түрлі жобалар жоспарланып, аяқсыз қалған. 2012 жылы Мира музейі, 2023 жылы этноауыл идеясы ұсынылды. 2024 жылы балалар теміржолы қайта қалпына келтірілді.

Абай облысы әкімі Берік Уәли бұл аралды жандандыру ниетінде. Ол мұнда жыл бойы жұмыс істейтін алып шолу дөңгелегін салуды ұсынған.

Жағалау құрылысы (ШҚО)

Семейдің сол жағалауында көпқабатты үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жерде IT-мектеп жұмыс істейді. Дегенмен өзеннің жағасында демалыс аймақтары жоқ. Осы мәселені шешуге Шығыс Қазақстан облысы ниетті.

Жағалауда жаңа көпірден бастап жағажайға дейін созылатын жаяу жүргіншілер жолы, веложол, демалыс орындары қарастырылған. Қазір аумақ күтімсіз күйде, бірақ болашақта күрделі абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Осылайша, алдағы жылдары Семей үлкен құрылыс алаңына айналмақ. Инфрақұрылымдық арман-тілектер іске асуы тиіс. Дегенмен өңірлер уәделерін қаншалықты орындай алатынын уақыт көрсетеді.

Айта кетейік, тура бес жыл бұрын Абайдың 175 жылдығында да осындай жоспарлар болған. Ол кезде елорда тәжірибесін негізге алып, әр облыс Семейге бір нысан салады деп шешілген еді. Алайда пандемия бұл жоспарларға тосқауыл болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы