Абайдың 175 жылдығында 500-ге жуық іс-шара өткізілмек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үкімет Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай 500-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлауда. Бұл туралы primeminister.kz сайтында хабарланды.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Биыл 30 мамырда «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бекітілді. Мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына Парламент депутаттары Б. Жұмағұлов, С. Әбдірахманов, көрнекті жазушылар мен қоғам қайраткерлері О. Сүлейменов, Р. Сейсенбаев М. Әуезов, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ еліміздің академиялық және шығармашылық қауымының өкілдері енді.
Вице-премьер отырыстың ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздеріне көңіл аудартты.
«Абай әлем мойындаған дана ұстаз, ақын және адамзаттың данышпаны. Данышпан Абайдың ұлылығы мен ерекшелігі, табандылық пен мақсаттылықты дәріптей және оның өз ұлтының санасына енгізе отырып, ұлттық рухты бұрын-соңды болмаған биіктікке көтере алды. Біз Абайдың бойынан табылатын тұлғаға лайықты, мақтан тұтатын рухани тірегіміздің барына алғыс айтуымыз керек», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Отырыста халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 500-ге жуық түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар жобасы қарастырылды.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Абай» көркем фильмінің өндірісі мен шығарылымы, Абай шығармаларының шет тілдеріне аударылуы мен жарыққа шығарылуы, сондай-ақ Абай үйі-музейінің жан-жақты танымалдығын арттыру іс-шаралары, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу, Абайдың әкесі – Құнанбайдың тұлғалық маңыздылығы мен тарихи-мәдени рөлін арттыру бойынша шаралар қабылдау көзделген.
Бұған қоса, бүгінгі күні әлеуметтік желілерде сәтті іске асырылған #Abai175 челленджі жаһандық форматта жалғасын табатын болады.
«Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу халықтың тарихи санасына сіңіру және еліміздің рухани мәдениетін жаһандық форматта ілгерілетуге бағытталған Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі», - деп атап өтті вице-премьер.
Соңында ҚР премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.