Абайды вьетнам тілінде сөйлеткен аудармашы Президенттің алғыс хатын алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан елшілігінде екі халық арасындағы мәдени байланысты дамытуға қосқан үлесі және Абайды вьетнам тіліне тәржімалаған аудармашылар тобына жетекшілік еткені үшін Доан Зан Нгиепке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты тапсырылды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі. 

Сыртқы саяси ведомство таратқан мәліметке сенсек, салтанатты рәсім барысында Елші Ерлан Байжанов Қазақстан мәдениетін Вьетнамда кеңінен насихаттағаны үшін шын жүректен ризашылығын білдіріп, марапатталған азаматқа жаңа шығармашылық табыс тіледі. Өз кезегінде вьетнамдық көркем аударма шебері оның жұмысына жоғары баға бергені үшін шынайы алғысын айтып, Қазақстан Президентіне жылы лебіздерін және ізгі тілектерін жеткізуді сұрады.

Күтпеген құрметке бөлінгеніме өте қуаныштымын. Қазақстан Президентінің осы шешімі мені қазақ халқының бірегей бай мәдениетін Вьетнамда насихаттауды жалғастыруға құлшындырады, – деді Доан Зань Нгиеп. 

Абайдың «Қара сөздерін» вьетнам тілінде басып шығару бойынша аударма тобының ұйымдастырушысы және жетекшісі Доан Зан Нгиеп, аударма редакторы және рецензенті, Вьетнам Жазушылар одағында шетел әдебиетін таратуды қолдау қорының директоры Тху Тоан және Вьетнам Жазушылар одағында шетел әдебиетін таратуды қолдау қорының директорының орынбасары Ле Дык Ман жұмыс жасады.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы