Абайдағы өрт. Барлық шенеунік тергеуге алынады – Бас прокуратура
Мәжілістің кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы орман өртіне қатысы бар барлық шенеунік тергеуге алынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, Абай облысындағы алапат өрт дерегі бойынша 2 қылмыстық іс қозғалған.
Біріншіден, «Семей орманы» резерватында Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Олар - өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, екі және одан да көп адамның қаза болуы, - деді Бас прокуратура өкілі.
Оның айтуына қарағанда, қазір Бас прокуратураның арнайы қызметі осы қылмыстық істі тергеуге кірісті.
Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамында тәжірибелі білікті тергеушілер мен барлық құқық қорғау қызметінің жедел қызметкері бар. Бүгінде тергеу тобы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Топты Бас прокурордың орынбасарларының бірі басқарады. Іс Бас прокурордың ерекше бақылауында, - деп айтты Өмірәлиев Мәжілістің кулуарында.
Ол екінші қылмыстық іс туралы да атап өтті.
Екіншіден, экологияға орасан зор залал келгенін, қызметтік міндеттерін атқару кезінде орман шаруашылығының 14 қызметкерінің қаза табуына қатысты. Осыған байланысты лауазымды тұлғалардың немқұрайлылығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деді Жандос Өмірәлиев.