«Абай – ұлы тұлға»: Бейжіңде Абайдың шығармашылық мұрасы насихатталды
Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында Абай күніне орай «Абай – ұлы тұлға» атты дөңгелек үстел өтті. Қазақстан мен Қытайдың өкілдері ұлы ақынның шығармашылық және зияткерлік мұрасының мән-маңызы, оның қазіргі мәдениетке ықпалы және қазақ-қытай гуманитарлық байланыстарын дамыту мәселелерін талқылады.
Іс-шараны Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі және «Цзиньтай» музейімен бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға екі елдің дипломаттары, ғалымдары, жазушылары, аудармашылары мен мәдениет қайраткерлері қатысты.
Кездесу аясында Бейжіңдегі Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Дөңгелек үстелде Абайдың философиялық ойлары, адамның адамгершілік және зияткерлік тұрғыдан жетілуі туралы көзқарастары, «Толық адам» ілімі мен шығармаларында көрініс тапқан жалпыадамзаттық құндылықтар сөз болды.
Сонымен қатар қатысушылар Абай мен Конфуций мұрасының үндестігін айрықша атады.
Жиында Абай мұрасын Қытайда кеңінен таныту мәселесі де қамтылды. Ақын шығармаларын қытайлық зерттеушілер мен қаламгерлер зерделеп, қытай тіліне аударып келеді.
Ал Бейжіңде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Абай оқулары» екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтады. Биыл аталмыш іс-шара халықаралық дөңгелек үстелмен жалғасты.