«Абай − түркі әлемінің ұлы тұлғасы» атты халықаралық онлайн симпозиум өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркияның Эгей университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында «Абай − түркі әлемінің ұлы тұлғасы» атты халықаралық онлайн симпозиум өтті.
Эгей университеті Түркі әлемі зерттеулері институты, Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» және Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы бірлесіп ұйымдастырып жатқан халықаралық ғылыми конференцияға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Татарстан (Ресей), Хакасия (Ресей) және АҚШ-тан 60-қа жуық абайтанушы ғалым қатысты. Абай тілі, шығармашылығы, көркемдігі, ойшылдылығы мен жаңашылдығы жан-жақты талданатын және күллі түркі дүниесі белгілі ғалымдарының басын қосатын ғылыми жиын үш күнге созылады. Абайға арналған осындай ауқымды халықаралық симпозиум биыл алғаш рет өткізіліп отыр.
Абай тек қазақтың емес, бүкіл түркі әлемінің ұлы ақыны. Ол түркі халықтары әдебиетіне жаңашылдық әкелді. Ақынның өз шығармаларында айтқан мәселелері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес. Абай Құнанбайұлының қазаққа қатысты айтқандары әлем халықтары, әсіресе түбі бір түркі жұртына да қатысты екені шүбәсіз. Сол себепті оны бүкіл түркі әлемінің аса көрнекті тұлғасы десек артық айтпаспыз. Шайырдың шығармалары түркі тілдеріне аударылып, бауырлас елдер ғалымдары тарапынан жан-жақты зерттеліп, көптеген ғылыми мақалалар мен кітаптар жарық көріп жатыр. Бұл симпозиумда да бауырлас түркі елдерінен қатысатын зерттеушілер Абай мұрасы жөнінде құнды пікірлер, маңызды ақпараттар айтылуда.
Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық симпозиумның секциялық отырыстарында Тұрсын Жұртбай, Шәкір Ибраев, Дихан Қамзабекұлы, Ерден Қажыбек, Шерубай Құрманбайұлы, Юлай Шамильоғлу, Мақсат Алпысбес, Құныпия Алпысбаев, Жамбыл Артықбаев, Рақымжан Тұрысбек, Жанат Әскербекқызы, Нергис Бирай, Гүлжанат Ержиласун, Элман Гулиев, Жаббар Ишанқул, Баходир Каримов, Орхан Сөйлемез, Мехмет Темизкан, Жылдыз Бакашова және т.б. елде және шетелде танымал белгілі әдебиетші, тілші, тарихшы, этнограф профессорлар қатысады. Ғалымдар ұлы ойшыл, хакім Абайдың мұрасын зерттеу бағытындағы ғылыми ізденістерімен бөлісті. Симпозиумда оқылған баяндамалар мен мақалалар жинақ кітап болып шығарылады.
Осындай ғылыми жиындар Абай мұрасын жан-жақты талқылаумен бірге түркі елдері ғалымдарының ғылыми ынтымақтастықтарын нығайтып, туыстас халықтардың бірлігін бекемдей түсетіні ақиқат. Ілгеріде Абайтануға қатысты бұдан да ауқымды симпозиумдар ұйымдастырылып, түркі әлемі түркітанушы ғалымдары Абай елінде кездессе деген тілек бар, – дейді ұйымдастырушылар.