«Абай тілінің ерекшеліктері» атты кітап жарық көрді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Абай тілінің ерекшеліктері» атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті. 

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай жарық көрген кітаптың авторлары Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының бас ғылыми қызметкерлері ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д, профессор Шерубай Құрманбайұлы мен PhD Мәрлен Әділов.


Үш тараудан тұратын көлемді еңбекті Абайтануға, Абай мұрасын тілдік жағынан тануға қосылған үлкен үлес деуге болады. Кітапта Абай шығармаларындағы қазіргі қазақ әдеби тілінде кездеспейтін немесе өте сирек қолданылатын морфологиялық, фонетикалық және лексикалық ерекшеліктер анықталған.   

Фонетикалық ерекшеліктер дегенде ұғыл, ұлық, тұғры, тұғралы, түзік cияқты көне түрік және қазақтың ескі жазба тіліне тән фонетикалық ескіліктер зерттелді. Бұлар көне түрік және қазіргі түрік-моңғол тілдеріндегі деректермен салыстырылып, олардың ескі қазақ жазба тілі мен қазіргі қазақ тіліне қатыстылығы жайлы тұжырымдар айтылды. Сонымен қатар, орта ғасырда жарық көрген ескерткіштердің және ақын-жыраулардың шығармашылығымен сабақтастығын осы жерде қарастырып өттік. Сонымен қатар, қазіргі қазақ әдеби тіліндегі сөздердің Абайдағы дыбыстық варианттары талданды, - дейді академик Шерубай Құрманбайұлы.


Сондай-ақ, кітапта кірме сөздердің әдеби тілдегіден өзгеше әрі бастапқы формасына жақын түрінде жұмсалуына да мән берілген. 

Абайда шет тілдерден, әсіресе араб, парсыдан енген сөздердің біразы сол тілдердегі негізгі тұлғалары сақталып қолданылған. Бұлар да қазақ тіліндегі нұсқалармен салыстырылып зерттелді. Мысалы: алал (адал), бихабар (бейхабар), ғафыл қалма (қапы қалма), ежтиһат (ыждағат), мағлұм (мәлім), махрұм (мақұрым), мү’мин (момын мұсылман), наме (нама), руза (ораза), таслим (тәсілім), хақ (ақы), хисап (есеп), т.б., - дейді академик.

Мамандардың айтуынша, Абай қара сөздерінде де тілдік ерекшеліктер көптеп кездеседі. Бұл ақынның қара сөздерін сол кезеңге тән қазақтың ескі жазба тілінде, яғни шағатай жазуымен байланысты көрінеді. 


Академик бұл кітапты жазуға шәкірті Мәрлен Әділов те үлкен үлес қосқанын атап өтті.

Қазақстандық білім беру жүйесінде, яғни ескерткіш, қолжазбаны талдау жұмыстарын жүргізу ерекшеліктерінде Түркия университеттерінен үйренеріміз көп. Шәкіртіміз Мәрлен Еуразия ұлттық университетін бітіргеннен кейін Түркияда білім алды. Сол кезде қолжазбалармен жұмыс істеуге жақсы машықтанды. Кейін көне жазба ескерткіштерді салыстырып, олармен жұмыс істегенде оның біліктілігі көрінді, - дейді Шерубай Құрманбайұлы.

Кітап авторының бірі Мәрлен Әділов Абай өз шығармаларының біразын қазақтың ескі жазба әдебиетінде немесе шағатай тілінде жазғандықтан, онда бүгінгі күні қолданыла бермейтін өзгеше фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктер көптеп кездесетінін айтады.

Біз сол ерекшеліктерді түркі тілдері және көне түркі мұралары негізінде салыстырып, зерттедік. Бұл еңбегімізді Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығы мерейтойы аясында шығып жатқаны және қара шаңырақ Абай университетінде басылғаны біз үшін үлкен қуаныш, - дейді Мәрлен Әділов.

Аталған кітап мазмұны туралы толығырақ тоқталар болсақ, онда сонымен қатар, қазіргі қазақ әдеби тіліндегі сөздердің Абайдағы дыбыстық варианттары талданды. Оның ішінде айлану, ашау, беркіну, беркіту, бұлыт/бұлұт, біротала, езгү, есіту, жолғасу, инану, кезегендік (кезбелік), қары (кәрі), құры (құр сөз), нажағай, соңра, сүру (сүрту, жағу), тәңрі, тұл бой, ұжымақ, ұсап, шүйінші, ылай, ылау, т.б. түрінде құбылған немесе керісінше бастапқы формаларында қолданылған сөздер де бар.

Фонетикалық ерекшеліктер тарауында кірме сөздерден «қазақы» формада жұмсалғандары да талданды, мәселен кірме сөздердің Абай тілінде амантау, асық, әжеттес, әз тұту, әм, бейіс, бұл (пұл), дұспан, еннатайына кәлкәусар, қаса, пышана, сұңғат, шылдахана, ылаж, ырза, ырас, закүншік, лапке, мәліш, бияншік, ваенной, сaлдaт, самародной, ыстаршын ысдраваймыслящий, ісшөт сияқты «қазақы» тұлғада өзгертіліп жұмсалуына назар аударылды.

Морфологиялық өзгешеліктер деп аталатын бөлімде қазіргі қазақ әдеби тілінде ұшыраспайтын (немесе өте сирек жұмсалатын) кейбір морфологиялық формалардың қолданылу мәселесі талқыланды. Мысалы, «мыш», «дүр», «тұғын/тұрған», «бірлән/білән, «дағы», «дек», «аның үшін/оның үшін, т.б.

Лексикалық ерекшеліктер тарауында ақын шығармаларының сөздік құрамын актив-пассивтігіне және лексикалық қолданыстарының ерекшелігіне қарай көнерген сөздер, пассив лексика, этнографиялық ұғымдар, ақын тіліне тән қос сөздер, фразеологизмдер, мақал-мəтел мен афоризмдер деп қарастырылды.

Түркітанушы ғалым ф.ғ.д., профессор Мұрат Сабыр кітап туралы пікірімен бөлісті. 

Зерттеушілер ақын тілін көне ескерткіштермен салыстырып зерттеп, Абай тілінің тамыры тереңде жатқанын дәлелдеді, - дейді ғалым өз пікірінде.

Зерттеуші сөзін «кітап авторлары Абайдың тілдік тұлға ретінде қалыптасуын көне жазба ескерткіштерінде жатқанын көрсетті» деп жалғастырып, кітапты түркология саласына қосылған зор еңбек» деп бағалайды.   

Филолог ғалым ф.ғ.д., профессор Қаламқас Қалыбаева бұл еңбек қандай олқылықтың орнын толтырғанын айтып берді.

Абай тілінен шағатай әдеби тілінің элементтерін іздеу Кеңес кезеңінде «бос әурешілік» деп айтылып, ғалымдар ақын шығармаларындағы осындай тұстарды кең қарастырмаған еді. Қолымыздағы еңбек бұл олқылықтың орнын толтырды, - деген пікір білдірді Қаламқас Қалыбаева.

Белгілі тіл маманы ф.ғ.д., профессор Тыныштық Ермекова бұл кітаптың артықшылығын айтып өтті.

Кітаптың ең үлкен артықшылығы – Абайды көне және орта ғасыр түркі мұралары тілімен байланыстыруында және Абайдың мағынасы түсініксіз сөздерін түркі тілдері фактілері негізінде ашуында. Ұсынылып отырған кітап Абайтануға да, Түркітануға да қосылған үлкен еңбек деп айтуға толық негіз бар, сол себепті тілшілер қауымы атынан өздеріңізге алғыс айтамын, - дейді Тыныштық Ермекова.

Айта кетейік, үш тараудан тұратын көлемді еңбекті Абайтануға, Абай мұрасын тілдік жағынан тануға қосылған үлкен үлес деуге болады. Ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ақын шығармаларын зерттеу жаңа серпін алып, құнды монографиялық зерттеулер шығып жатқаны белгілі. Бұл еңбек те Абайтану ғылымына, ұлы ақын тілінің табиғатын тереңірек танып, оның сөз қолданыс ерекшеліктерін айқындауға септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы