Абай шығармашылығы Қажымның еңбегінен соң қатты танылды - профессор

 

 

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Абайдың қазақ әдебиетіне қосқан құнды мұралары жайлы ой түйіп, талдап-таразылап келе жатқанымызға тура үш ғасырға аяқ басты. Ақынның шығармашылығы хақында алғаш ХІХ ғасырдың соңында пікір айтыла бастаған. Оның өлеңдерінің поэтикалық қуаты туралы сол кезеңдердің өзінде-ақ сөз қозғағандар бар. Бірақ нақты талдау жасағандар болған жоқ. Көпшілігі жалпы тұжырым айту, қазақ поэзиясына жаңа лептің келгенін ғана атап көрсетумен шектелді. 

Ақынның тілін танып-білуге деген ұмтылыс ХХ ғасырдың 30 жылдарында нақты көрініс берді. Ал 50-60 жылдарда бұл үдеріс жандана түскені аян. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жамбылтану орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Зинол-Ғабден Бисенғали сол ездердегі абайтану туралы белгілі ғалым Қажым Жұмалиевтің еңбектерімен байланыстыра айтып берді. 

Студент кезімізде ғалым Зейнолла Қабдоловтың лекцияларынан қалмайтынбыз. Сонда бізден жоғары курста оқитындар "Неге Қажым Жұмалиевтің дәрісін тыңдамайсыңдар?" деп сұрайтын. Біздің де айтар уәжіміз дайын: "Жұмалиев кім? Қабдолов – ғалым" деп ол кісінің еңбектерін теріп айтып шыға келетінбіз. Қажым Жұмалиевтің кім екенін кейіндеу білдік. Содан кейін ғана оның зерттеу еңбектеріне тереңірек үңіле бастадық, - деді профессор.    

Оның сөзіне қарағанда, 1943 жылы "Абай жолын" талқылауға арналған үш күнге созылған конференциядан кейін Қажым Жұмалиев Абай поэзиясын зерттеуге біржола бет бұрады. Ол шығармашылық жоспарын мүлде өзгертіп, Махамбет поэтикасы туралы зерттеулері мен жазып жатқан романынынан алыстай бастайды. Дегенмен Абай өмірі мен шығармашылығы ғалым үшін мүлде соны тақырып емес еді. Ол 1929 жылы Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірмей жатып, Алматыға, Абай атындағы педагогикалық институтына талапкерлерді оқуға шақыру хабарландыруын оқып, бақ сынап көрмек болған екен.   

Қажым Жұмалиевтің тағдырын шешкен – оқуға түсу кезінде жазған "Абай Құнанбаев туралы" шығармасы. Оны тексерген бір қаламгер институт ректоры Санжар Асфендияровқа айтып, Қажым Жұмалиевті филология факультетіне ауыстырады. Студенттің Абай туралы жазғандарынан әдебиеттануға ерекше қабілетін байқаса керек. Демек ол 1929 жылға дейін-ақ ұлы ақын шығармаларымен таныс болған, - дейді Зинол-Ғабден Бисенғали.    

Қажым 1941 жылға дейін кандидаттық диссертация зерттеулерімен жүрсе де, абайтануға байланысты мәселелерге көңіл бөліп, мерзімді баспасөз беттерінде материалдар жазып отырған. Профессордың пікірінше, Қ.Жұмалиевте Абай тілінің поэтикасы туралы ойлар бұрыннан болған. Бірақ тура 1943 жылғы конференцияда абайтануға байланысты қазақ қоғамдық санасы үшін аса маңызды сұрақтар көтерілгені, осы ойлар талай қаламгерлерге қозғау салғаны анық.   

Негізі Абай шығармашылығы әлеуметтік сарындарға толы. Оны бейнелеудегі ақын қолданған тәсілдерге, тіліне талдау жасау көркемдік қолдастар туралы біраз қиындықты жеңілдеткенмен, тақырыптың негізгі жолдарын көрсете алмайды. Осыдан келіп өлең тілін дербес қарамай, ауыз әдебиеті мен тарихи және дәстүрлі әдебиетпен байланысты талдап, Шығыс, орыс әдебиетінен келген, үйренген, ауысқан қолданыстар мен тәсілдер, әдістер көркемдігінің дәстүрлі әдебиетімізге орнығу үдерісі туралы ойлар туындайды Бұл әдеби тарихи деректерге жан-жақты тоқталу, ақын өлеңдерінің тереңдігіне ену әдебиет әлеміндегі Абайдың даралығын дәлелдейді, - дейді орталық директоры.      

  

Ол Абай шығармаларында адамзат баласына таныс ірі мәселелерді қозғайтынын, демек, тақырып ортақ екенін айтты. Бірақ хакімнің жеткізу тілі – бөлек. Жаңалық та осында. Бұл өлеңдеріндегі ойларды аударуға болады, бірақ көркемдігін түпнұсқаға сай, аудару өте қиын, тіпті мүмкін емес дегенге саяды. Қажым Жұмалиев осыны Абай шығармаларынан, тілінен алынған дәлелдер арқылы дәйектеп, қазақ әдеби тілін дамытудағы Абайдың рөлін айрықша атап көрсеткен. 

 

Ғалым ақын өлеңдерінің оқшаулап бөлек талдамай, ауыз әдебиеті және тарихи әдебиет шығармалары көркемдігімен салыстыра зерттеген. Алдымен Абайға дейінгі қазақ өлеңінің тілі туралы толымды шолулар жасап, ақынның жаңашылдығының басты арналары ретінде осы ізденістерді атаған. Ақын өлеңдеріндегі тілді көркем қолдануда шығыс, орыс поэзиясының өрнектерімен қатар дәстүрлі әдебиет үлгілерінің маңызы зор болғаны туралы ойларын нақты шығармалардан алынған мысалдарды жан-жақты терең талдаулармен дәлелдеген, - деді З.Бисенғали.     

Филология ғылымдарының докторы Зинол-Ғабден Бисенғали Қажым Жұмалиевтың 1946 жылғы докторлық диссертациясынан кейін Абайдың шығармашылық қуаты, мүмкіндігі қазақ әдебиеттанушыларына жақсы танылды деп ойлайды. Әсіресе өлең тілін талдауға айрықша басымдық берcе де, қазақ әдебиетінің алдында тұрған маңызды мәселеде өлең әлемін талдауда поэтикаға ден қоюдың маңыздылығын түсінді.   

Профессор абайтанушы ғалымның 1946 жылы Ленинград қаласында "Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі" тақырыбында докторлық қорғағандағы белгілі орыс ғалымы Н.Дмитриевтің айтқан сөзін еске салды. Ресейдің тіл маманыбылай деген: "Қ.Жұмалиев алған тақырыптың ғылымдық мәні зор. Абай қазақ әдебиетіндегі ірі тұлға, ол туралы жазылған сын мақалалар да көп, бірақ Абай творчествосын бұл сықылды әр жағынан алып, тап осы көлемде әлі ешкім зерттеген емес. Қазақ әдебиеттану ғылымында монографияның мұндай түрінің өзі жаңалық. Неге десеңіз, жазушының тіліне арналған монографиялық зерттеу орыс ғылымындағы зерттеу тәжірибесіне әлдеқашан кірген болса, қазақ әдебиеттану ғылымында бұл енді қолға алынып отырған жаңа іс. Бұл еңбек филологияның екі түрлі саласын: тілтану және әдебиеттану ғылымдарын жеткілікті дәрежеде түсінушілікті керек қылатын әдебиет зерттеу жұмысының анағұрлым жоғары белесі саналатын салада диссертация авторының жаңалық ашуы болып отыр. Бұған мынаны қосуға болады: ұлт әдебиеті классиктерінің тілін зерттеу ісі біздің одақтас және автономиялық республикаларымыздың басқаларында шын мәнінде әлі басталған да жоқ".  

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты Омар Темірбековтің пайымынша, жалпы Абай дүниетанымын қарастырғанда "адам бол" принципі алдымызға тартылады. Абай дүниетанымының күре тамыры да, өзегі де осы ұстаным. Бұны Абай тақырыбына қалам тартқан зерттеушілердің бәрі мойындайды. Бірақ, өкінішке қарай, осы зерттеушілердің дені Абай "адам бол" дегенде "Қалай адам бол деді?", "Қалай адам болу керек?" деген сұрақтарға жауап іздемейді, құр жалаң декларациямен шектеледі. Ал шын мәнінде, зер салып үңілген адамға Абай мәтіндерінде адам болудың және жәй ғана адам болудың емес, адамдықта толықтыққа жетудің, кәмелетке жетудің жолдары көрсетілген. Көрсетіліп қана қоймай, мықты, берік жүйе ретінде жан-жақты талқылынып, айқын дәлелдермен негізделген.   

"Абай шығармашылығындағы "адам болу" принципі ең бірінші ғылым-біліммен тікелей байланысты. Тіпті, Абайдағы "адам болу" принципі ғылым-білімнен бастау алады десек те ақиқаттың ауылынан алыс кете қоймаспыз. Абай айтады: "Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады". Көріп отырғанымыздай, ойшыл адам атану мен ғылым, білімге деген махаббатты тең қойып отыр: егер баланың ғылым, білімге маххабаты оянса, сонда ғана аты адам болады деп тұр. Осы айтылған ойды тесе тексерсек, «адам» деген атқа тіреліп тұрғанын байқаймыз. "Адам" деп аталу, "адам" деген атқа ие болу оп-оңай шаруа емес екенін аңдаймыз. Бала – ол әлі "адам" деп аталуға лайықсыз, "адам" деп аталуы әлі ертерек, потенция ғана. Ала оның болашақта "адам" деген атқа ие болуы тікелей ғылым, білімге қатысты болып отыр. Абай хакім шарт қойып, "сонда ғана" дейді. Егер бұлай болмай қалған жағдайда не болады, яғни шарт орындалмай қалғанда баланың аты не болады деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Бұл сұраққа Шәкәрім атамыз кесімді жауабын береді:   

"Ғылымсыз адам – айуан, 
Не қылсаң да, ғылым біл".  

Сөз жоқ, ауыр айтылған. Мәселенің мәнісіне жете үңілмесек, ауыр қабылдауымыз мүмкін. Мәселенің мәнісіне барып, тереңдей бастасақ, Шәкәрім қажының айтқандары ақиқат екеніне ден қоямыз. Ауызекі тілде қазақ айуанды кейде "мал" деп те атайды. Қариялардың түк білмейтін, түйсігі жоқ сезімсіздерді "өй, мал" деп сөгіп жатқанын құлағымыз талай естіді. Оған кезінде аса мән бермесек те, осы қаратпа сөз Абай іліміне байланысты санамызда қайта жаңғырып отыр. Және жай ғана жаңғырып қоймай, өз мәнін ашуды талап етіп отырған жайы бар", - дейді абайтанушы.    

Омар Жәлелұлының айтуына қарағанда, қазіргі оқытылып жүрген мектеп бағдарламасында "Өзін-өзі тану" деген пән бар. Абай мұрасын зерттей келе, осы пәннің негізі өз мәдениетіміз бен дәстүрімізде жатқанына көз жеткіздік. Ғылым-білмге махаббаты оянған баланың да негізгі мұраты осы – өзін-өзі тану екен. Барлық танымның көзі де негізі осыдан басталады. Ал қазақ мәдениетінің асыл қайнары, мызғымас іргетасы шариғат ілімінде адам баласының ғылым-білім іздеудегі мақсаты біреу-ақ: ол – Абай айтып отырған жақсы мен жаманды, пайдалы мен зияндыны айыра білу. Егер біз оқып-оқып, осы екеуін айыра алмасақ, онда оқыған оқуымыздың да құны көк тиын. Ислам дінін терең біліп, шариғат қағидаларына сүйенген Абай ілімі бізді осындай ойға жетелейді.   

Бірақ осы екі нәрсені айыру Абай ұсынып отырған үштік таным жүйесінен басталады: Алланы тану, өзіңді тану, дүниені тану. Осы үштік жүйесінің Ислам ілімінде белгілі бір тәртіп, реті бар екенін көреміз. Адамның өзін-өзі тануы – бар білімнің бастауы дедік. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың мына хадисін келтірсек те жетіп жатыр. Мұсылмандық ілімнің бастау-бұлағында тұрған Алла елшісінің бұл хадисін Мәшһүр Жүсіп былайша жеткізеді: "Ғылым-білім немен болады? Әуелі жаратушы Құдай тағаланы танумен болады. Әуел ғылым мағрифат ал-Жаббар – ғылым-білімнің ең алды – Құдай тағаланы танымақ. Ол Құдайды қайтсе, таниды? Әркім өзін таныса, сонда Тәңірісін таниды. Қазақ қариялары да айтады жақтырмаған кісісін: "Бұл, шіркін өзін танымайды!" деп. "Мән ғараф нафс фықод ғараф Раббы" (Кім өзін (нәпсісін) таныса, Раббысын таниды)". Міне, Абай дүниетанымындағы ұлттық тәрбие негіздері дегенде осындай қатпар-қатпар кешенді дүниелерге жолығамыз, - деді О.Темірбеков.  

Ғалым адамды адам қылатын, адам деп аталуға лайықты ететін ғылым-білімнің табылмау себептеріне де тоқталып өтті. Егер бала ғылым-білімге махаббаты оянбай қалса, онда адам да жоқ, тіпті болғанының өзінде шала болады екен. Бұл қысқа да нұсқа ойын Абай былай білдірген: "Болмаса жоқ, ең болмаса шала".   

Бір нәрсені бастағаннан кейін, оны жетер жеріне жеткізбей, орта жолда тастап кету – Абайға жат. Бұл жолы да ұстаз осы өмірлік ұстанымынан бір сәтке болса да айнымайды. Адам баласы сонша ділгір, бүкіл тағдыры, бітім-болмысы, адам деген ардақты аты байланып тұрған ғылым-білімнің табылмай қалу себептерін де айтпай кете алмайды. Соқырға таяқ ұстатқандай, бұл себептерді де алдымызға жайып салады: "Анаң үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады я ол балалары өздері барған болады – ешбір бәһра (пайда, нәтиже) болмайды". Міне, алдымыздан ғылым-білімнің табылмауының басты себебі шықты – оның аты қиянат екен. Аппақ қағаздай кіршіксіз көңілмен дүниеге келген пәк сәби көңілді бірінші кірлететін ата-анасы дейді көпті көрген, тіршіліктің терең сырларын көкірегіне түйген дана ақын, - деді Омар Жәлелұлы.    

Оның пікірінше, Абай ешкімді аямайды: "Ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тілмен" қоғамның асқынған жарасын тіліп-тіліп түседі. Әкесінің баласына жасайтын қиянатын осылайша атын атап, түрін түстеп шығады. Әкенің баласына деген көзсіз де соқыр махаббатын сөге отырып, ақын оның парықсыздық пен ақымақтыққа жақын екеніне меңзейді. Өзінің рухани дамуына мән бермеген, өзін-өзі тәрбиелемеген, сөйте тұра біреуді тәрбиелеймін деп ойлайтын бақсыз, талайсыз сорлы әкенің бейнесін өзі "өткірдің жүзіне, кестенің бізіне" теңеген "толғауы тоқсан қызыл тілмен" сомдайды. Ақылсыз әкенің ойсыз да әнтек ісімен баласының болашағына балта шауып жатқанына жаны күйеді.   

"Бір еткенді екі етеді, екі еткенді әдет етеді" дегендей, қиянатқа ауызданып алған бала, қиянаттың дәмін бір татып алған бала енді айналасының бәріне қиянат жасай бастайды: "Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә (тіпті), иман иғтиқатқа да қиянат бірлән болады". Сабақ оқуға мүлде ынтасы жоқ, мектепте мұғаліммен алысып, не өзі оқымай, не өзгеге оқытпай сабаққа кедергі келтіретін, не үлкеннен, не Құдайдан қорықпайтын балалар – Абай айтып отырған қиянатшылар. "Бұл қиянатшылар жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман. Олардың адамшылығының кәмәлат (жетілу, толығу) таппағы – қиынның қиыны. Себебі, Алла тағала өзі – хақиқат жолы. Хақиқат бірлән растық – қиянаттың дұшпаны, дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме?" Міне, ғылым-білімге деген махаббаттың табылмауының басты кілтипанын осылайша хакім Абай қолымызға ұстатады. Ғылым-білімді дос тұтып, досымен қауышуға ұмтылған баланың талабы тасқа шабылып, ниеті қайтып, тауаны мұқалады екен. Өйткені, ол баланың ішінде ғылым-білімнен де бұрын парықсыз әкенің тәрбиесінің улы жемісі – қиянат орналасып, берік қоныс теуіп алған. Енді қанша шақырсаң да, өмірлік қана емес, ахиреттік досы – ғылым-білім ондай жанға жуымайды. Себебі, хақиқат пен қиянат – өзара өш, от пен су секілді өмірі бастары қосылмақ емес. Олар бірін-бірі тебетін, терістейтін, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қарама-қарсы зарядтар сынды. Осындай қиянатты дос көрген, шын досқа (ғылым-білімге) қолы жетпегендерден болашақта жарым адам, жарым моллла, жарым мұсылман шығады дейді ұлт ұстазы. Егер ғылым-білімнің іргетасы ретінде адамшылық, адамгершілік ұстанымдары жатпаса, біздің барлық еңбегіміз зая кетпек, желге ұшпақ. Баланың, ата-анасының, ұстаздың – барлығының еңбегі еш, тұзы сор болмақ, - деп түйіндеді сөзін О.Темірбеков. 

 

 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы