Абай шығармаларынан тәлім алған өскелең ұрпақ ұлт мақтанышына айналсын – Райымқұлова
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін 10 тамыз - əлемдік деңгейдегі ойшыл, руханиятымыздың алып бəйтерегі Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әлеуметтік желідегі парақшасында Хакім Абай күнімен құттықтады.
Оның жазуынша, расында, бұл - халқымыз үшін айтулы, орны бөлек мереке. Абай Құнанбайұлы - ұлтымыздың мақтанышы. Ардақты ақын - даналық пен кемеңгерліктің алып шыңы. Ағзам азамат - заманы мен қоғамын ерте болжаған, білім көкжиегіне көз жіберген, кемел елдің келешегі тек білімде деген кемеңгер тұлға.
Бізге, бүгінгі заман жастарының болашығына жарқын жол сілтейтін жарық сәуле Хакім туындыларында тұнып тұр. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының мол мұрасын, даналық дүниетанымын саралауға арналған көптеген жинақ, оқулық өткен ғасырдан бастап жарыққа шығып келді. Еліміз егемендік алған сəттен бері Хакімнің мәңгілік өшпес рухани мұрасын қайта жаңғырту, оқырман қауымның санасына даналықтың нұрын шашып, парасатты ой ұялататын еңбектерін дəріптеу мақсатында жүйелі жұмыс қолға алынды. Бұл игі іс халқымыздың қоғамдық ой-пікірінің қалыптасу тарихына зейін қойғандардың білім көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз, - деді ол.
Сондай-ақ министр былтыр ел болып атап өткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кең көлемді шаруаға тың серпін бергенін айтты.
Осынау жұмыс Мəдениет жəне спорт министрлігінің негізгі идеологиялық бағытына айналды. Хакім айтқан ізгі құндылықтар өміршеңдігін жоймақ емес.
Абай Құнанбайұлының шығармаларынан тәлім алған біздің буын, өскелең ұрпақ ұлт мақтанышына айналсын. Ұлттық руханияттың өрлеуіне, білім мен мәдениеттің асқақтауына үлес қоссын дегім келеді. Алдағы уақытта да Абай атын асқақтатар, ұлт мақтанышына айналар, ұлағатты ұл-қыздарымыз көп болсын! Бәріңізге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке мен бірлік тілеймін, - деді Райымқұлова.